"Анам мені жек көреді" - бойжеткен қыз ең ауыр мұңын айтты

0
323

"Мені қорғамай, бөтеннің табанының астына жығып берді"


Сурет: shareandcareth.com

"Өз жағдайымды айтудағы мақсатым - басқа ата-аналар менің ата-анамның қателіктерін қайталамаса екен деген ой" дейді Эльмира атты оқырманы.


Ол ERNUR.KZ порталының тілшісімен сырласа отырып, ішіндегі ең ауыр мұңын - анасына деген өкпесін жеткізді.


"Білмеймін неге екенін, үйдің ортаншысы болғаннан кейін шығар, маған көп көңіл бөлінбейтін. Барлық отбасыларда демесем де, көптеген отбасыларда ортаншы балаларға айрықша көңіл бөлінбей жататыны рас қой. Мен де өз отбасымда сондай балалардың бірі болып өстім.

Үйде үш баламыз - жалғыз ұл, екі қыз. Анам ағам десе өліп-өшіп, соның сөзін сөйлеп қорғаштап шығатын. Ал, әкем болса сіңілім кенже болғаннан кейін бе, соны қатты жақсы көретін. Кішкентай кезімізде мектепте мұғалімдер, туысқандар ағам мен сіңілімді жамандап шықса, әке-шешем оларды жақтап, сөзін сөйлеп шығатын.

Ал мені керісінше, сол жамандаған адамдармен қосыла «Иә, бұл сондай, кімге тартқан, сөз ұқпайды» деп қоса жамандап кететін. Содан кейін бе білмеймін, өзімді-өзім қорғамасам, басқа ешкім маған жақтаспас деп, мектеп кезінде ұлдармен де, қыздармен де сөзге келіп, төбелесе кететінмін.

Бірақ сіздер ойлап қалмаңыздар бұл бір мінезі нашар, кез келгенмен ілінісе кететін қыз шығар деп. Жоқ, негізі біреу тиіспесе, өзіммен-өзім, ешкімде шатағы жоқ жүре беретін қызбын.

Бір оқиға айтайын. 10-сыныпта оқып жүргенде қарсы сыныпта оқитын қызбен қатты ұрысып қаламын. Ол менің жекеме өтетіндей қатты сөз айтқанда, шымбайыма батқан сөзге шыдамай ол қызды итеріп жіберемін. Сол кезде мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары көріп қалып, екеуміздің ата-анамызды жиналысқа шақырады. Оның да, менің де анам мектепке келді.

Кабинетке кірдік. Директордың орынбасары болған оқиғаны жіпке тізіп айтып жатыр. Сол кезде мен анамнан қолдау күттім. Бірақ ол маған ала көзбен қарап, қоса жамандай кетті.

Анамнан дәл осы жерде мұндай сөздер күтпеген едім. «Ой, сорлы... Білмеймін, бұл қыз кімге тартқан? Қанды ішіп бітті, сіздікі дұрыс» деп тәрбие жөніндегі орынбасарға жақтасып тұр. Содан кейін бала жүрегім қақ айырылып сала берді.

Ойлап қоямын қазір ана қыздың да мамасы ұрсатын шығар деп. Жо-оқ, мен ойлағандай емес, ол қызын жақтап, қорғап, қатесін көріп тұрса да, шаң жуытпады. «Менің қызым ақылсыз, тәртіпсіз емес. Ұрса, бір себебі бар шығар. Бекерден-бекер ұрмаған шығар» деп қызын жақтап жатыр. Осы келеңсіз жағдай өміріме өшпестей із қалдырып кетті.

Жиналыс бітті. Анам қасыма келіп «Сұмырай, үйге кел осыдан, өлтірем» деді тістеніп. Әрине, анамның да ашулы екенін көріп тұрмын, бірақ сол сөздерден соң тіпті көңіл-күйім түсіп кетті.

Солай сабақ бітіп, кеш батты. Үйге қайттық. Жол бойы «Я, Аллам, әкем естіп ұрыспаса екен» деп жалбарынып бардым.

Үйге келсем әкем шәй ішіп отыр екен. Бетіне қарауға қатты ұялдым. Бірақ әлі не жағдай болғанын білмейтін әкем жайбарақат отыр күндегідей. Содан анам шәйға шақырды, барып отырып бүгінгі болған жағдайдың барлығын айттым. Анам айтса қатты ұрысады ғой, одан да өзім қалай болғанын, менің кінәм жоқ екендігін өзім жеткізгім келді. Сонда әкем маған қарап «Дұрыс, қызым, ешкімге есеңді жіберме, жаным сол, келе ғой» деп құшағына баса кетті. Жылап жібердім, бірақ қыз баласы болғаннан кейін бе анамның айтқан сөздері көңілімде әлі тұр.

Солай мектепті де бітірдік. Студент кезімде туысқанымның үйіне тұруға тура келді. Сабағым түсте бітеді, түсте келіп үй жинап, кешкі тамақты дайындап, тамақтан соң, ыдысты жинап, қайта жуып-тазалап, солай жүргенде кеш батады. Сонда да жақпадым ғой. Жеңгем анама хабарласып «мына қызыңыз кешке дейін қаңғиды» деп айтыпты. Оны естіген анам мені тыныш қойсын ба, келесі күні хабарласты. Тілі ащы ғой, неше түрліні айтты сол кезде. Көп болса екі-үш рет қана шыққан шығармын құрбыларыммен. Онда да сұранып кетемін, көп уақыт жүрмеймін.

«Анам мені жек көреді. Түсінгісі келмейді. Мені қорғамай, бөтендердің табанының астына жығып берді» деген ренішті әлі күнге баса алмай келе жатырмын. Есіме түссе, кішкентай қыздар сияқты бір жылап аламын. Аналарынан сыр жасырмай, ақылдасып отыратын құрбыларыма қатты қызығамын."