"Жалғыз өзіме екі тонна көмірді қораға тасытты..."
Сурет: i.pinimg.com
"Сол екі адам менің бақытымды ұрлады. Менің жуас мінезімді пайдаланып, жүндей түтті."
Осылай деп кейіген ERNUR.KZ порталының оқырманы өміріндегі бақытсыздыққа кімді кінәлайтынын жасырмады.
"Айнадан көзімдегі мұңды, жүзімдегі әжімді байқаймын да, ішімнен: «Бақыттысың ба, Перизат?» деп сұраймын. Жауабым: "Балаларым барда, бақытсыз емеспін!"
Бірақ осы сөзді айтқанда жүрегім сыздап қояды. Себебі, мен ана ретінде ғана бақытты болдым. Жар ретінде, келін ретінде емес. Бұрын бұл шындықты мойындағым келмейтін. Жас ұлғайған соң ба, әлде күйеуім мен енемнің дүниеден озғаны ма, енді шындықты жасырмаймын.
Сол екі адам менің бақытымды ұрлады. Менің жуас мінезімді пайдаланып, жүндей түтті. "Неге сонша момын болдым, неге олардан қорықтым?" деп қазір таңғалам. Әйтпесе, жетім емеспін ғой, әке-шешем, бауырларым бар.
Көңілім әбден қалса да, сол екі адаммен 30 жыл бірге тұрдым. Мінезсіздігімнен бе, әлде қорқыныштан ба, білмеймін. Ал олар мені адам құрлы көрмеді.
Алғашқы жүктілігімде қан кетіп, ауруханада екі ай жаттым. Енем мен күйеуім он минуттық жерде тұрса да, бір рет бас сұқпады. Шешем орталық ауруханада санитар болып істейтін. Түнгі ауысымнан шығып, үйге барып тамақ істеп, далада аяз болса да күнде маған тамақ әкелетін.
Арасы таксимен 40 минуттық жердегі әке-шешемнің үйіне баруға қорқатынмын. Күйеуім «бармайсың» десе, анамды сағынғаннан жылап отыра беретінмін. Дүкенге, емханаға шыққанда арасында ата-анама соғып кетсем болмас па еді? Өзіме де обал жоқ.
Бір күзде күйеуім бір машина көмір әкелді. Енем «Кіргіз!» деп маған бұйырды. Екі айлық балам жылап жатыр. Соны желеу етпек болсам, күйеуім "Сыртта жүріп жаурап қалдым, сен кіргізе берші. Балаға мен қараймын" деді. Сөйтіп, жалғыз өзім екі тонна көмірді қораға тасыдым. Қазір ойласам, күйеуіме: «Сен тұрғанда мен тасиын ба? Өзің істемесең, інілеріңді шақыр!» деп неге айта алмадым деп өкінем.
Күйеуімнің сатқындығы мен ұратыны ол бөлек және ұзақ әңгіме. Адам мінезді болу керек екенін ұқтым. Айтпағым да осы, көнбіс болмау керек екен.
Уақыт артқа қайтса, балаларыма, денсаулығыма көбірек көңіл бөлер едім. Басқаша өмір сүрер едім. Қазір жасым 50-ден асты, ауырмайтын жерім жоқ. Кейде ойлаймын, Құдай күйеуім мен енемді ертерек алып кетіп, «Қалған азын-аулақ өміріңді тыныш, өзіңе арна» деген шығар. Қызылордадан құдалықтан келе жатып, олар мінген көлік апатқа ұшырады...
Әрине менде де қанша уақыт қалғанын білмеймін. Бірақ бір анық білерім, бақытым – балаларым. Солар үшін өмір сүремін!"


