Сурет: www.flowee.cz
"Кілең әлжуаз, анасының етегіне тығылатын еркектер өсіп келеді. Бұлай кете беретін болсақ, елімізді қорғайтын нағыз ержүрек батырларды қайдан табамыз?"
Астаналық Әскербек атты оқырман ERNUR.KZ тілшісіне болашақ туралы уайымымен, бала тәрбиесіндегі тәсілімен бөлісті.
"Қазіргі кезде балаларын ұрмақ түгіл, ұрысып, қатты дауыс көтеріп сөйлесуге қорқады ғой көптеген ата-аналар. Сол ата-ананың бірі менмін. Заман өзгермеген шығар, бірақ қоғамның өзгергені рас. Өйткені, біздің бала кезіміздегі ата-аналар қолданған методика қазіргі балаларға өтпейді.
Қазіргі балалардың психологиясы әлсіздеу, эмоционалды тұрақсыздау келеді. Тым өбектеу де баланың болашағына жасалған қастандық деп түсінемін өз басым. Бірақ өкінішке орай, мектепте де, балабақшада да балаға қатты дауыс көтеріп сөйлеуге қорқады ұстаздары. Өйткені, ата-ананың өзі баланың мектептегі тәрбиесіне араласып, мұғалімнің де беделіне нұқсан келтіріп жатқанын көп байқаймыз.
Бірақ, мен өз әкемнен көрген тәрбиені ұстанамын және соны дұрыс деп санаймын. Қазіргі көзқараспен қарасақ, бұл тәрбиенің түрін қатыгездік деп қабылдайды. Қаталдық, темірдей тәртіп пен қатыгездікті, абьюзерлікті шатастыратындарға сөзім жоқ.
Бұлай кете беретін болсақ, елімізді қорғайтын нағыз ержүрек батырларды қайдан табамыз? Кілең әлжуаз, анасының етегіне тығылатын еркектер өсіп келеді. Соған қарап қаным басыма шабады.
Ұлдың да, қыздың да бойында намыс, қайрат, қайтпас қайсар мінез бен ұлттық рух буырқанып тұрса, еліміздің іргесі берік боларына сенемін. Сондай тәрбиені мен өз әкемнен алдым. Әкем нағыз ержүрек адам болды. Балаларынан да соны талап етті.
Қазір қайта барлығы бар, қандай спорттық үйірмеге барамын десе де, қандай іспен айналысамын десе де, мүмкіндіктер көп қой. Балаларымызға барлық жағдай жасалған.
Біздің бала күніміз қайта құру дәуірімен тұспа-тұс келді. Ештеңе жоқ, тоқырау. Үйірмелер де, жұмыс орындары да жабылып, ел тентіреп кеткен уақыттарда әкемнің сағы сынған жоқ. Сол уақыттарда, жасыратын ештеңесі жоқ, ерік-жігері құм болып, жұмыссыздықтан, қиындықтан сынып кетіп, ішімдікпен достасып, отбасынан ажырап жатқан қаншама азаматтарды көрдік. Сондықтан әкемнің ішкі рухының мықтылығына бас иемін, ризамын.
Әкем ақылын құлағымызға құйып отырумен, еңбекке баулумен қатар, физикалық тұрғыда да мықты болып өсуімізді қадағалаған. Қалалық жерлердің өзінде спорт үйірмелері жабылып, қаңырап жатқан тұста әкем амалын тауып, үйде жаттығу жасатып, қолымыз қалт еткенде аулаға шығарып жүгіртіп, үйдегі кілемдерді далаға шығарып жуғызып, шаңдарын қаққызып, әйтеуір тыным тапқызбайтын. Соның арқасында анамызға да көп қолғанат болдық, өзіміз де физикалық мықты болып өстік.
Қазір мен де балаларыма жоқ жерден жұмыс тауып беремін. Өйткені, бала бос отырса, түрлі зиянды әдеттерге қызығушылығы артып кетуі мүмкін. Көбінесе, ұлдарымды жанымда алып жүруге тырысамын. "Олар да мен көргенді, менің іс-әрекетімді көріп өссін, көкейіне бірдеңе түйіп жүрсін, келешекте өз өмірлеріне керек болады" деген ниет қой менікі.
Ал қыздарым аналарымен бірге, үй шаруасына көмектесіп, қыз баласына тән түрлі өнерді меңгеріп келеді. Балаларымыздың болашағағынан көп үміт күтеміз.
Әкем маған айтушы еді: «Әке-шешеңнен өзіңе деген ғұмырды, тәлім-тәрбиені, бойыңа дарыған қуат пен парасатты, пайымды, мінезді, жақсылықты, дархандықты қарызға алдың. Ендеше осы ізгі қасиеттерді шашау шығармай, бауырыңнан өрбіген ұрпағыңа беруге тиістісің.
Бұл қарыздың – парызы. Егер оған әлің жетпесе, азаматтығың тартпаса, обал-сауабы мойныңда қалады» деуші еді. Әкемнің осы сөздерін өмірлік бағдаршамым ретінде ұстанып келемін."


