"Әлі күнге дейін анам мені жақсы көрсе, құшақтаса екен деп армандаймын"

0
278

"Сол адамның айтақтауымен анам аямай ұратын..."


Сурет: i.pinimg.com

"Мен балалық шағымды еске түсіргім келмейді”... Бұл сөзді естігенде жүрегім қарс айырылғандай болды. Балалық шақты сағынбайтын адам бар ма?

Көбіміз үшін балалық кез – ғажайып әлем, тәтті естеліктер. Алпыс жасқа келсем де, сол кездерді есіме алғанда көңілім жадырап, еріксіз күлімсіреймін. Бірақ бүгін мен басқаша ойға қалып отырмын" деп сырт шертті ERNUR.KZ порталының оқырманы Нұрила ана.


"Үйге немеремнің сүйкімді құрбысы келді. Екеуі киноға барып, балалық шақ жайлы фильм көріпті. Қызығушылықпен фильм туралы сұрағанымда, ол өз өмірінің бір парағын ақтарды. Оның баяны жүрегімді аузыма тығып, жанымды сыздатты. Бірақ қызығы сол, көзінде өкпе де, ашу да жоқ еді, тек бір мұңды үміт қана жылтырайды.

"Жеті жасымда анам екінші рет тұрмысқа шықты, - деді ол баяу ғана. – Әкем ерте қайтыс болған. Бірақ анам басқа отбасын құрғаннан кейін, ол мен үшін мүлдем бөтен адамға айналды. Мені ұмытты, мен оған керегі жоқ біреуге айналдым".

Үнсіз тыңдадым. Әрбір сөзі жүрегімді тіліп өтіп жатқандай.

"Өгей әкем мені жақтырмайтын. Сол адамның айтақтауымен анам аямай ұратын. Қыстың қақаған суығында далаға қуып шығаратын. Өгей әкем тамақтанып отырғанда, мен сыртта тоңып жүретінмін. Оған бөгет жасамауым керек. Кейде анам "Қазандағы қалған тамақты әкең таңертең ішеді, аз істеп қойыппын" деп тамақ бермей қоятын. Құр нан жеп ұйықтайтынмын.

Бір күні қыста кешке тағы да далаға қуып шықты. Шыдай алмай: "Бұл – әкемнен қалған үй. Неге мен өз үйімде өгейлік көруім керек?" деп қарсы сөйледім. Анам соққының астына алды. Ертеңіне бүкіл денем көгерді. Бірақ тағдыр мені әлі де қинағысы келген болар, тірі қалдым. Ауруханада ояндым...".

Оны құшақтағым келді. "Неге анаң саған соншалықты қатыгез болды екен?" - дедім әрең естілетін дауыспен. Ол терең күрсінді.

"Өгей әкем ішсе, апталап тоқтамайтын. Мас болып келгенде үйдің берекесін қашыратын, анамды ұратын. Ал мен анамды қорғағым келетін. Сол үшін оған қарсы шығатынмын. Бірақ анам мені емес, оны жақтайтын. Күйеуі айқайлайтын: "Қызыңның тілін тый!" деп. Сосын анам мені жазалайтын. Ол тек тәнімді ғана емес, ауыр сөздерімен жанымды да жаралайтын. Маған өлім тілейтін. Бәрінен де "Сен ешкімге керек емессің" деген сөзі жанымды қатты ауыртатын. Қанша ауыр жұмысқа, жазаға шыдасам да, осы сөзіне шыдай алмай жылап қалатынмын. Ал анам мен өгей әкем менің жылағанымнан рақаттанатын".

Осы сәтте өз балалығым көз алдымнан өтті. Кедей болсақ та, анамның бір жылы сөзімен-ақ бақытты болатынбыз. Анам әкемнен де, әжемнен де талай теперіш көрсе де, бізге деген мейірімін ешқашан аямайтын. Ал бұл әйелге қызынан күйеуі артық болғаны ма? Қандай жүрексіздік!

"Мен өгей әкемді баяғыда кешіріп қойғам. Мені ренжіткен, тіл тигізген талай адам болды, бәрін кешірдім. Өйткені олар – бөтен. Бөтен адамнан махаббат, мейірім сұрай алмайсың. Бірақ туған ана - ең жақын адам емес пе, неге ол маған жат болып кетті? Неге ол мені жақсы көре алмады? Осы сұрақтың жауабы жоқ. Өзінен сұрадым талай рет, "Сен өзің кінәлісің" дегеннен басқа ешнәрсе айтпады. Студент атанғалы бері анаммен араласпаймын. Үйден кеткенмін. Бірақ әлі күнге дейін анам мені жақсы көрсе, құшақтаса екен деп армандаймын", - деді ол көзіне жас толып.

"Сен кінәлі емессің. Сен сүйіспеншілікке лайықтысың", - дедім де, бауырыма қатты қыстым. Ол менің құшағымда отырып жылап жіберді. Менің де көзіме жас толып кетті.

Иә, адам балалық шағын сағынғанда мейірімді аңсайды екен ғой. Ал егер сол кезеңді ұмытқысы келсе, демек, ол мейірімнен емес, азаптан құралған.

Құрметті ата-аналар, ең жақын, ең қымбат адам - өзегімізді жарып шыққан балаларымыз ғой. Олар біздің махаббатымыз бен қамқорлығымызға мұқтаж. Балаларымызға жылап емес, күліп еске алатын бақытты балалық шақ сыйлайықшы!"