"Бірақ ұлым бәрібір сол қызға үйленді соңында"
Сурет: ЖИ-мен жасалды
"Өмірімдегі ең ұялатын әрі қателесе жаздаған бір оқиғамды айтып бергім келіп отыр. Мен секілді келте ойлап, асығыс шешім шығаруға асықпаңыздар дегім келеді"
Айкүміс апа ERNUR.KZ порталы тілшісіне өзіне үлкен сабақ болған жағдайды айтып берді.
"Мен асығыс шешім шығара жаздадым. Бірақ, баламның көңіліне қарап, ол райымнан қайтқаныма қазір қуанамын. Жар таңдауда ешкім араласпау керек екен. Әрине, ана баласы үшін ненің жақсы, ненің жаман екенін жақсы біледі деп жатамыз ғой. Бірақ өзіне не керегін өзінен артық ешкім білмейтінін жақсы түсінуі керек.
Ұлымды мықты азамат етіп өсіргенім үшін кеудемді мақтаныш кернейді. Егер «Тек менің айтқаныммен жүруі керек, сызған сызығымнан шықпауы керек» деп өзіне ешқашан еркіндік бермегенімде, бәлкім қазіргідей ұлымның бақытын, немерелерімнің қызығын көріп отырмас па едім?
Екі қыз, бір ұлдың анасымын. Кез келген ана үшін балаларының бақытты болғанын көру - арман. Сол арманына жете алмай, іштен тынып жүрген қаншама аналарды білемін. Өзімнің айналамда да келінінен аса алмай, ұлына сөзін өткізе алмай, қартайғанда мүсәпірдің күйін кешіп жүргендерге қатты жаным ашиды. Мен де осындай болудан қорқып едім. Сондықтан, ұлыма жар болатын, өзіме келін болатын жақсы қызды өзім таңдаймын деп ойлаған едім. Әрбір ана баласының сырын, мінезін, әулетіне қандай келін керегін де жақсы біледі. «Адал сүт емген келін келсе екен» деп армандайды.
Тұңғышым – қыз бала. Оны «жасың келді, тұрмысқа шық» деп асықтырып жүріп ұзатқан едік. Қызымның өз таңдауы емес еді. Бойжеткен қыздың айналасында құда түсіп, айттыратын адамдар көп болады ғой. Солардың арасынан «осы жігіт қызыма күйеу болуға жарайды, болашақ құда-құдағиларымыз да жақсы, қарапайым жандар» деп өзімізге тең көрген едік. Бірақ, «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» дегендей, қызымның барған жерінде бағы жанбай, бір жылға жетер-жетпес уақытта қайтып келді қолымызға. Өйткені, күйеу баламыз қызымды көлеңкесінен қызғанып, ұрып-соғатын болды. Сол ұрып-соғудың кесірінен құрсағына біткен шаранасынан айырылып қалған соң, «бұлай болмайды екен, елдің сөзіне мән бермей, қызымызды мұндай тұрмыстан арашалап қалайық» деп ауруханадан шыққанда тіке үйге алып келдік. Артынан іздеп келсе, кешірім сұраса, бәлкім, ойланар ма едік? Ешкім келмеді. Содан қызым үйде, әкесі жұмысқа орналастырып, көңілі кішкене болса да алданды.
«Ұлым да олсылай опық жеп қалмаса екен. Келін болар қызды жақсылап сұрастырып, ата-анасын, шыққан тегін түп-тұқиянына дейін зерттеймін» деп ойладым. Сөйтіп өзіміз бұрыннан танитын, сырларын білетін отбасының қызын көрсеттім. Бірақ ұлым өзінің ұнатқан қызы бар екенін айтып, бас тартты. «Онда сөйлесіп жүрген қызыңды көрсет, таныстыр» деп ол туралы мәліметтерді сұрастырдым.
Қарапайым отбасында өскен, әкесі қайтыс болған, тек анасы ғана бар қыз екен. Анасы осы жалғыз қызы үшін қайта тұрмысқа шықпай, қара жұмыс істеп жүріп оқытып, бар өмірін арнаған екен.
Сол кезде жастау болдым ба, даналық жетіспеді ме, «Олар біздің теңіміз емес. Әке тәрбиесін көрмеген қызды келін қылмаймын. Отбасылық жағдайы да тура келмейді. Өзімізбен терезесі тең отбасының қызына үйлен» деп біраз үгіт-насихат жүргіздім.
Бірақ ұлым бәрібір сол қызға үйленді соңында. Әкесі де «Араласпа! Ертең сені кінәлап, бақытсыз болып жүргенше, өз таңдауына үйленсін» деп мені ақылға шақырып, сабама түсірген болатын.
Шыны керек, басында ұлым үшін ғана келісім беріп, келінімді жақын тарта алмадым. Бірақ кейін таңдаудан жаңылмағанына көзім жетті. Болса, менің келінімдей-ақ болсын. Мінезі жайсаң адам қашанда өзгелерге жағымды ғой. Менің келінім сондай жан. Әрдайым құрметі мен сыйластығын көрсетіп, жылуын шашып жүреді. Оның қандай жағдайда өскені, отбасындағы материалдық жағдайы емес, ең алдымен, тектілігі, құдағиымның оған берген адал тәрбиесі барлығын жеңіп шықты. Маған ғана емес, айналасына, көрші-қолаңға, әулетімізге сыйлы келін бола білді. «Кімнің келіні?» дегенде кеудемді мақтаныш кернейді деп ойламаған екенмін.
Осындайда қазақтың керемет бір сөзі ойыма оралады: «Қызың жақсы болса – бір бақыт, ұлың жақсы болса – мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» дейді. Мен өзімді шын бақытты жанмын деп есептей аламын."


