"Сондықтан көп жерде оны жанымда алып жүруге ұялатынмын"
Сурет: storyfox.ru
"Қоғамдағы әйелдердің ролі көп айтылғанмен, олардың отбасындағы орны елене бермейді. Неге? Кінә бізден!" деді жасы сексенге таяған, өмірден көргені мен түйгені мол түркістандық ақсақал. Шалқар қария өткеннің қатесін еске алу қандай қиын екенін біле тұра, мойындаудың еселі жүгін арқалайтынына қарамастан ERNUR.KZ оқырмандарына өзі жайлы бір үзік сыр шертуге бел буыпты.
"Бауыржан Момышұлының мына бір сөзі жауап болар: "Адамды бұзатын не? Тағы сол атақ, ақша, арақ. Осы үшеуі. Төртіншісі – әйел демеймін. Алғашқы үшеуінің буына бөртіп, әйелдерді біз – еркектер бұзамыз. Қартайғанда адам соқа басы сорайып жалғыз қалады. Өйткені қыз күйеуге кетеді, ұлды келін әкетеді. Сонда сенен атақ, ақша, абырой, бала – бәрі безгенде, қыңқ етпестен қалқайып қасыңда қалатын бүкіш кемпірің ғана болады. Сол жалғыз серігіңе өмірде адал болмағаның өзіңе ауыр, одан айырылып, жалғыз қалғаның одан да қиын! Мұны еркектер білуі керек".
Бұл сөздерді оқып, үнсіз бас шұлғып отырмын. Өйткені бұл – шындық. Өміріме көз жүгіртсем, күрсінуім мен өкінішім көп.
Мен сексенге таяған қариямын. Бір кездері атағым дүркіреп тұрған беделді адам едім. Ақшам болды, абыройым болды, қолымды қайда созсам да бәрі дайын тұрды. Достарым көп болды, думанды кештердің көркі болдым. Сол сәтте әйелімді шын бағаладым ба? Жоқ.
Кемпірім ауылдың қарапайым қызы еді. Өте ақкөңіл, адал, сабырлы жан. Бірақ жас кезінде сұлу болған жоқ. Әдемілігімен көз тартпаған, қарапайым әйел. Сондықтан көп жерде оны жанымда алып жүруге ұялатынмын. Достарымның келіншектері сыланып-сипанып, сәнді киініп жүретін. Ал менікі – орамал тағып, жұпынылау киінетін қарапайым әйел. Оны қонаққа, той-томалаққа ертіп барғым келмейтін. "Үйде отыр, сенен ұялам. Өзіңе күтім жасап, аузыңды сәл тыйсаң қайтеді?!" деп кейде ашық айтып та тастайтынмын.
Кейде тіпті ойыма бір сұлу жас қыз алу туралы да келген. Ажырассам ба деп те талай ойладым. Кейде әйеліме ашуланып, қол да көтердім. Ол болса үнсіз жылайтын да, қайтадан маған адал жар болып жүре беретін. Өзімше "Осы қатын өліп қалса, жас сұлу бір әйел алар едім" деп те ойлаған кездерім болды. Бірақ ол өлген жоқ, қазір екеуміз ғана қалдық.
Балалар ер жетті, әрқайсысы өз өмірін сүріп кетті. Кәрілік жетіп, ауру меңдеген кезде бай-бақуатты тұратын ұлдарымның үйінде шипажайда жатқандай боламын деп барып едім, олар бір аптаға да шыдай алмады. Бірі "Кәрі кісіні күту оңай емес екен" десе, екіншісі "Анашым, әкемнің мінезіне қалай шыдағансыз? Күнде керісіп қалып жатырмыз" деп, мені қайтадан үйге қайтарды. Кенже ұл қарар ма еді, ол жұмыс бабымен басқа қалаға көшіп кетті.
Анығырақ айтқанда мені бәрі тастап кетті. Жаман мінезіме шыдап, балаша шомылдырып отырған баяғы мен менсінбеген, ұялып, қонаққа алып бармаған кемпірім. Қанша рет ренжітсем де, көңіліне дақ түсірсем де, менің жаманымды жасырып, жақсы күнімді асырап отырған сол ғана. Дәрімді беретін де, түнде көз ілмей қасымда отыратын да сол.
Жас жігіттер, менің өткен өмірімнен сабақ алыңыздар! Әйелді қадірлеңіздер, бағалаңыздар. Өйткені қартайғанда ақша да, атақ та, бала да қасыңда қалмайды екен. Тек жарың ғана қасыңда қалады.
Әйелдің қадірін кеш түсінбеу үшін, дәл қазір дұрыс өмір сүріңдер!"