Жаңа оқу жылы сені не күтіп тұр, ОҚУШЫ?

0
308

Биылғы оқу жылында сен неге дайын болуың керек?


Жаңа оқу жылы сені не күтіп тұр, ОҚУШЫ?

Сәлем, оқушы! Демалысты қалай өткіздің? Енді мектепке оралатын кез келді. Қолыңа қалам алып, партаға жайғасатын сәт туды. Ал енді ойланып көрші: бұл оқу жылы саған не береді?


1.Жаңа пәндер- жаңа көкжиектер

Биыл кейбірің жаңа пәндермен танысасыңдар. Мысалы, жаратылыстану, цифрлық сауаттылық, кәсіпкерлік негіздері. Иә-иә, КӘСІПКЕРЛІК! Бұл дегеніміз – өз ісіңді бастау, ақша мен идеяны дұрыс басқаруды үйренуге арналған жаңа пән. Биыл ғана енгізілді. Қазақстан қазір жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп жатыр, бәлкім сен де болашақ стартап иесі боларсың? Соған орай, 5- 11 сынып оқушылар биылдан бастап, елімізде осы пәнді оқиды.


2. Мұғалімдер де жаңарады, әрине!

Жаңа сынып — жаңа мұғалімдер. Әрқайсысының өз әдісі, өз тәртібі бар. Біреуі талапшыл, біреуі жұмсақ. Бірақ бәрі де саған білім үйрету үшін еңбек етеді. Сондықтан ашық бол, сұрақ қой, өз пікіріңді айтудан қорықпа. Бұл – нағыз "21 ғасыр дағдысы". Неге жаңа мұғалім дедім? Себебі алдыңғы оқу жылы берген ұстаздарыңның 50-60%-ы жаңарып отыруы тиіс. Бұл «жаңартылған оқу бағдарламасының» жаңалығы.Былтыр қиын болып көрінген пән, биыл жаңа мұғаліммен саған қызығырақ бола түсетін шығар!?


3. Жаңа достар мен орта

Мектеп – тек оқитын емес, араласатын ортаң,тереңкоммуникация құратын жерің. Жаңа достар табасың, бұрынғы достарыңмен ара-қатынасың нығаюы мүмкін. Әлемде цифрлық шындық дамып жатса да, шынайы достықтың орнын ештеңе баса алмайды. Жүзбе-жүз кездескен, бірге күліп, бірге дайындалған күндер ең естен кетпес сәттер болады.


4. ЖИ – енді сенің сенімді серігің!

Дүниежүзі жасанды интеллектпен жұмыс істей бастағанда, сен де артта қалмайсың. Себебі биылғы оқу жылында ұстаздардың 80%-ы жасанды интеллект бойынша білімдерін тереңдетті. Сен жазда демалыста болғанда, ұстаздар оқыды. Енді сендер Bilimland, Kundelik, Google Forms-тан басқа да платформалармен жұмыс істей бастайсыңдар, танысасыңдар. Олар туралы жеке-жеке алдағы уақытта айтатын боламыз.Бірақ есіңде болсын: телефон – құрал, ойын емес. Оны дұрыс қолдана алсаң, оқуың да, өмірің де жеңілдейді.


5. Өзіңмен жұмыс істеуің тереңдей түседі

Жаңа оқу жылы – өзіңді басқаруды үйренетін уақыт. Себебі биылғы жылдан бастап мектептерде ҰБТ форматы өзгертіледі, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша кітаптағы оқу бағдарламалы 30% жаңарады және цифрлық білім беру платформалары күшейеді. Осыны өзгерістің бәрінен қалып қоймас үшін, уақытыңды қалай бөлесің? Үй тапсырмасын қашан орындайсың? Телефонда қанша отырасың? Осы сұрақтарға жауап бере алсаң, сен тек жақсы оқушы емес, нағыз тұлғаға айналасың.

Ал әлемде жасыл энергия, жасанды интеллект, ғарыш зерттеулері алда келе жатыр. Демек, сен де заманауи болуға тиіссің. Мектепте үйренгендерің ертеңгі болашағыңа тікелей әсер етеді.