Қазіргі уақытта жігіттің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланған.
Фото: pexels
ERNUR.KZ. Петропавлдағы элеваторда 18 жастағы жұмысшының аяғы техникаға түсіп, ауыр жарақат алды, деп жазады inform.kz.
- Бұл факті бойынша департаментте комиссия құрылды, оқиғаның мән-жайы анықталатын болады. Тергеу Заңға сәйкес он жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Тек содан кейін ғана оның нәтижесі – себебі, пайыздық үлесі бойынша кінәлілер туралы ақпарат жарияланады, - деді департамент басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Әсел Абдуғалиева.
Маманның айтуынша, әсіресе көктем мен күзде осындай оқиғалар жиілейді. Оның бір себебі – жұмыс берушілер қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды елеусіз қалдырады.
СҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарақат алған жігіт Петропавлдағы көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының травматология пунктіне ауыр жағдайда жеткізілді. Ол сол жақ аяғындағы жарақат аймағының ауырсынуына және жалпы әлсіздікке шағымданған.
Қосымша тексеру жүргізілгеннен кейін науқас реанимация бөліміне жатқызылды. Жарақаттың ауырлығына байланысты шұғыл түрде операция жасалды.
Дәрігерлер пациентке жұмсақ тіндердің, қан тамырлары мен жүйкенің ауқымды зақымдануымен қатар жүретін сол жақ аяқтың ауыр жарақаты диагнозын қойды. Жарақат салдарынан аяқтың қанмен қамтамасыз етілуі күрт бұзылып, аяқ-қолдың жедел ишемиясы және III дәрежелі травмалық шок дамыған.
Қазіргі уақытта жігіттің жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланған. Медициналық бригада науқасқа қарқынды ем жүргізіп, сол жақ аяғын сақтап қалу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатыр.


