Тараздағы жұмбақ өлім: Ер адамды аяусыз ұрып-соғып, өз көлігімен ауруханаға әкелген

0
194

Туыстарының айтуынша, оны кездесуге шақырып, кейін көлікке салып алып кеткен. Ер адам ауруханада көз жұмды. Полиция істі тергеп жатыр.


Тараздағы жұмбақ өлім: Ер адамды аяусыз ұрып-соғып, өз көлігімен ауруханаға әкелген

ERNUR.KZ. Таразда 30 жасқа толуына бірнеше күн қалған ер адам ауыр соққыдан кейін ауруханада көз жұмды. Марқұмның туыстары оның өліміне бірнеше адамның қатысы бар екенін айтып, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етуде, деп жазады baq.kz.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, ер адам ауруханада жұмыс істеген. Біраз уақыт бұрын оның пациенттерінің бірінің бұрынғы күйеуі оған телефон арқылы бірнеше рет тіл тигізіп, кездесуді талап еткен. Сол күні ер адам онымен кездесуге келіскен.

Туыстарының мәлімдеуінше, кездесуге үш ер адам келген. Отбасының айтуынша, ер адамды басынан металл затпен ұрып, кейін көлігінің жүксалғышына салып, Аса өзенінің маңына алып барған. Сол жерде оны аяусыз ұрып-соққан.

Кейін ер адамды өзінің жеке көлігімен ауруханаға жеткізіп, оны «көшеден тауып алдық» деп түсіндірген. Алайда ол есін жимастан көз жұмған.

Марқұмның әпкесінің сөзінше, бастапқыда үш ер адам ұсталған. Кейін олардың екеуі босатылған. Сондай-ақ отбасы куәгерге қысым жасалуы мүмкін екенін айтып отыр.

Марқұмның артында екі кішкентай қызы қалды. Туыстарының айтуынша, оның 30 жасқа толуына санаулы күн қалған.

Полиция не дейді?

Жамбыл облысы Полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Адам ұрлау» және «жәбірленушінің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда адам өліміне алып келген іс-әрекет» баптары бойынша қылмыстық іс тергелуде. Күдікті қамаққа алынған. Оқиғаға өзге тұлғалардың қатыстылығы анықталып жатыр, - деп жауап берді облыстық ПД баспасөз қызметі.

Полиция қазіргі уақытта істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтау мақсатында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Тергеу барысы Жамбыл облысы ПД басшылығының қатаң бақылауында.

Марқұмның туыстары оқиғаға қатысы бар барлық адам заң алдында жауап беруі тиіс деп есептейді.