Сәкен Майғазиев онлайн тойы үшін қанша салық төлейді

0
458

Онлайн тойға 1380 теңге көлемінде ақы алу кәсіпкерлік қызмет болып саналады


Сәкен Майғазиев онлайн тойы үшін қанша салық төлейді

фото: Сәкен Майғазиевтің instagram парақшасынан

ERNUR.KZ. Әнші Сәкен Майғазиев онлайн тойға қанша салық төлейді? Әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын тудырған жайтқа мемлекеттік кірістер комитеті жауап берді, деп жазады sputnik.kz.
Әдетте Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, салық төлеушінің салықтар мен бюджетке міндетті төлемдер бойынша салықтық міндеттемелері оның заңды нысанына, қолданылатын салық салу режиміне және салық салу объектілерінің болуына байланысты. Ал айды аспанға шығарған Сәкен Майғазиев онлайн тойы үшін қанша салық төлейді?
"Қарастырылып отырған жағдайда онлайн іс-шараға, яғни онлайн тойға қатысу үшін 1380 теңге көлемінде ақы алу табыс табуға бағытталған кәсіпкерлік қызмет болып саналады. Егер іс-шараны ұйымдастырушы жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелген болса, ол алынған табысты декларациялап, қолданылатын салық салу режиміне байланысты жеке табыс салығын төлеуге міндетті", - дейді мемлекеттік кірістер комитеті.
- шағын бизнес субъектілері үшін жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режимі қолданылған жағдайда – 3%;
- жеке кәсіпкерлер үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимі кезінде – 10%;
- заңды тұлғалар үшін – 20%.
Бұндай салық салу тәртібі салтанатты іс-шараларды ұйымдастыру саласында қызмет көрсететін субъектілерге де қолданылады, дейді комитет.
"Бұған тамақтандыру және орын-жайларды жалға беру қызметтерін көрсететін мейрамханалар мен банкет залдары, сондай-ақ жүргізушілер: тамада, әртістер, музыкалық және би ұжымдары, іс-шараларды өткізу шеңберінде қызмет көрсететіндер жатады", - дейді Қазақстан Республикасы қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитеті.
Айта кетері, Сәкен Майғазиевтің елді дүрліктірген тойы бүгін өтеді. Ол онлайн өте ме, жоқ па, қазірше белгісіз.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желіде Сәкен Майғазиевтің келін түсіру тойы жарияланды. Артынша Майғазиев тойды тікелей эфирде өткізетіні хабарланды. Тіпті онлайн бақылау құны да жария болды. Бұл жағдай қазақстандықтардың наразылығын тудырды. Жағдайға қатысты күні бүгінге дейін Майғазиев ешбір мәлімдеме жасаған жоқ.