Қазақстандық блогер бедеу әйелдерге "сиқырлы" емізіктер сатып жүр

0
130

Емізік Swarovski тасынан жасалған.


Қазақстандық блогер бедеу әйелдерге

Фото: Instagram.com/shirin_araz_

ERNUR.KZ. Қазақстандық блогер Ширин Араз әйелдерге жүкті болуға көмектесетін емізік сатып жүр. Айтуынша, бұл жай ғана бұйым емес, әйелді бала көтеруге және дүниеге сәби әкелуге психологиялық тұрғыдан дайындайтын "психологиялық қазық", деп жазады stan.kz.

“Оған қараған сайын, қолыңа алып, жаныңда ұстаған сайын ішкі сезім оянады: “Мен дайынмын. Денем дайын. Сәбиім маған келе жатыр”.

Емізік Swarovski тасынан жасалған. Ерекше емізіктің бағасы — 60 мың теңге, жеткізу ақысы бөлек төленеді. Сатып алушыға сыйлық ретінде бала көтеруге арналған медитация мен бұйымды дұрыс қолдану жөніндегі аудио-нұсқаулық беріледі.

Блогер бұл емізіктің бүкіл дерттен емдейтін панацея емес, тек "психологиялық күйге келуге көмектесетін қосымша құрал" екенін ерекше атап өтеді. Клиенттерімен белсенді түрде хат алмасатын блогер жүздеген әйелдің осы емізіктің көмегімен жүкті болғанын айтты.

"Яғни, мысалы, емізікті алып, оған табынып, дұға ету – дұрыс емес. Себебі бала сүюге, жүкті болуға ең алдымен Жаратқан көмектеседі. Ал емізік — бұл тек сізді әрдайым белгілі бір күйде ұстап тұратын көмекші құрал ғана. Сондықтан мен оларды сүйіспеншілікпен жасадым", — деп түсіндірді ол.

Алайда желі қолданушылары дәл сондай Swarovski кристалдарымен әшекейленген емізіктерді eBay мен Ozon сайттарынан әлдеқайда арзан бағамен тез тауып алды. eBay-де бұл тауар 10 долларға (шамамен 4600 теңге), ал Ozon-да 10 000 теңгеге дейін сатылады. Олардан жалғыз айырмашылығы — блогердің "энергиясы" ғана екен.