ROBLOX-СЕРИАЛдан балаларға ҚАУІП бар ма?

0
193


ROBLOX-СЕРИАЛдан балаларға ҚАУІП бар ма?

Сурет: ЖИ


Баланың теледидар көруі, компьютерлік ойын, смартфонымен алысқан ата-аналарда тағы бір «бас ауруы» пайда болды. Қазіргі балалар Roblox платформасында түсірілген, TikTok пен YouTube-ті жаулап алған отандық және шетелдік мини-сериалдарды сағаттап тамашалайды.

Бүгінгі таңда кино-фильмдер тек Голливуд, Netflix, Қазақфильм сияқты ірі студиялармен шектелмейді. Жаңа буын контентмейкерлері Roblox ойын платформасын пайдаланып та толыққанды фильмдер мен сериалдар жасап, миллиондаған қаралым жинауда. Roblox-сериал феномені әсіресе TikTok желісінде танымал. 15 секундтық драмалардан бастап, ондаған бөлімнен тұратын криминалды және махаббат хикаялары әлеуметтік желі трендтерін бағындырып келеді.

Бұл жағдай бір ғана отбасының мәселесі емес, бүкіл әлемдегі миллениалдар мен альфа буынының арасында өрістеп жатқан нағыз жалпыхалықтық феномен. Баланы «Не көріп отырсың? Өшір!» деп ұрсып, тыйым салу оңай. Бірақ одан бұрын мәселенің мәнісіне үңілу маңызды.

Үлкендерді шошытатын, ал балаларды арбап алатын бұл төртбұрышты кейіпкерлердің құпиясы неде? Баланың дамуына, тәрбиесіне, таным-түсінігіне кері әсері жоқ па?

Альфа буынының бұл шығармашылығында ешқандай жасырын астар немесе күрделі философия жоқ. Бұл контентті сүйсіне қарайтын ересектер де пайда болып келеді.


Роблокс-сериалдары трендтерді қалай бағындырды?

Жасөспірімдер өздерінің сүйікті әлеміне деген сүйіспеншілігін білдірудің ең прогрессивті жолын тапты. Олар Roblox кейіпкерлері қатысатын мини-сериалдар түсіруге кірісті.

Көп ұзамай тік төртбұрыш форматындағы микродрамалар трендке айналды. 1 минуттық сериялар дәстүрлі дорамалар мен мелодрамаларға үлкен бәсекелестік тудыра бастады. Жылдам контент тұтыну әдеті көрермен санасын баурап үлгергені белгілі. Roblox сериалдың қысқа, шағын форматы осы сұранысқа сай келу арқылы қаралымын арттырды.

Сериалдың бір эпизоды орташа есеппен 15 секундтан 5 минутқа дейін созылады. Міндетті түрде ең қызықты жерінен үзіліп, «Жалғасы келесі бөлімде» деген интригамен аяқталады. Назарды ұстап тұрудың бұл классикалық әдісі өте жақсы жұмыс істейді. Аудитория оқиғаның жалғасын тағатсыздана күтеді, бұл қаралым саны мен жазылушыларды арттырады. Жаңа бөлім шыққанша пікірлерде сюжеттің дамуы туралы сан түрлі болжамдар мен ұсыныстар жазылады. Сценарийдің одан арғы желісі көбіне осы пікірлерге сүйеніп жазылады. Яғни, Roblox сериалдардың авторларының өздері де оқиғаның қалай аяқталатынын басынан бастап білмейді. Олар көрерменнің эмоциясына, қажетілігі мен қалауына қарай бейімделеді.


Авторлық роблокс-сериалды қалай түсіреді?

Өз сериалын түсіру үшін режиссерлік диплом, үлкен қаржы немесе актерлер тобының болуы шарт емес. Бұл форматтың басымдығы да осында, альфа буыны өз креативі мен әлемді қабылдауын ашық көрсете алады. Жеке сериал жасау үшін мыналар қажет:

1. Roblox платформасындағы жеке аккаунт;

2. Кейіпкерлерді басқаратын достар (команда);

3. CapCut сияқты қарапайым тегін видеоредактор.

Сценарий мен репликаларды жазып, экранды жазып алу режимін қосады, кейін дыбыс салып, дайын роликті TikTok-қа жүктейді. Содан кейін бар керегі – танымалдылықтың келуін тағатпен күту.

Эпизодтарда көбіне мынадай кең тараған клишелер қолданылады:

  • Отбасылық драма: асырап алу, құпия бала, ажырасу, жоғалған туысқан
  • Мектеп хикаясы: мектепке келген жаңа оқушы, буллинг, мектеп жұлдыздары, жасырын махаббат
  • «Бай мен кедей»: басты кейіпкерді сырт келбеті немесе статусы үшін басыну, кейін оның үлкен сырының ашылуы
  • Романтика: махаббат үшбұрышы, өтірік қарым-қатынас, достықтан басталған сезім
  • Детектив пен хоррор: белгісіз жағдайда жоғалып кету, түрлі жұмбақтар, әруақтар бар үй
  • «POV» сериялар: видеоның белгілі бір кейіпкердің атынан ұсынылуы (мысалы, «POV: Сен адамдардың басының үстіндегі таймерді көретін жалғыз адамсың»), т.с.с.


Маңызды дүниелер туралы қарапайым тілде жеткізу

Бұл сериалдар арқылы біз альфа буынын не толғандыратынын түсіне аламыз. Алғашқы көзқараста кейбір клишелер тек назар аудару үшін жасалғандай көрінгенімен, олардың астарында жасөспірімдердің шынайы түйткілдері жатыр:

  • «Мені киіміме қарап бағалама»
  • «Шын әрі адал досты табу қиын», т.б.

Бұл жаңа жанр көкейге уайым салып, бірқатар сұрақтарды туындатады. «Балалар жасайтын контентті бақылау керек пе? Басқа балалардың көруіне тыйым салу қажет пе?» деген ойлар мазалайды. Неге десеңіз, кейбір сериалдарда кейіпкерлер тек сленгпен немесе сөкет сөздермен сөйлеседі. Оған қоса, буллинг пен қатігездік сияқты салмақты тақырыптарды жас сценаристердің шектен тыс ашық көрсетеуі қаншалықты қауіпсіз?

Әзірге бұл сұрақтардың жауабынан гөрі ашық күйінде қалғандары көп. Дегенмен, альфа буыны өз шығармашылығын шығаратын тамаша алаң тапты. Қаншалықты ерекше болып көргінімен, Roblox-сериалдары бүгінде миллиондаған көрерменге күнделікті күйбең тірліктен демалып, дофамин дозасын алуға мүмкіндік беретін жаңа заманауи трендке айналып тұр.

Дайындаған: Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Киноиндустрияда ЦИФРЛЫҚ АКТЕРлер мен РОБОТ-РЕЖИССЕРлер пайда болды