Тексеруге тәуелсіз сарапшылар тартылып, қылмыстық іс қозғалды.
Фото: pixabay.com
ERNUR.KZ. Жетісу облысында жүкті әйелдің қайтыс болуына байланысты арнайы комиссия құрылып, жан-жақты тексеру басталды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Облыстық перинаталдық орталықтың директоры Назгүл Иманғалиеваның айтуынша, тексеруді Жетісу облысы бойынша Медициналық және фармацевтикалық қызмет сапасын бақылау комитеті жүргізіп жатыр. Тергеу жұмыстарына тәуелсіз сарапшылар да тартылған.
«Пациенттің қаза болуына байланысты комиссия құрылып, кешенді тексеру басталды. Қазір барлық материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды, сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен уақтылығы бағаланып, тиісті шешімдер қабылданады. Тексеру нәтижелері марқұмның туыстарына толық көлемде ұсынылады», – деді Назгүл Иманғалиева.
Марқұмның жақындарының айтуынша, әйел 2025 жылдың желтоқсан айында ауруханаға жатқызылған. Алайда көп ұзамай жағдайы күрт нашарлаған. Отбасы мүшелері медициналық құжаттарда бірқатар қайшылық бар екенін айтып, дәрігерлер таңдаған емдеу тактикасының дұрыстығына күмән келтірді.
Оқиғаға байланысты қылмыстық іс те қозғалды. Полиция өкілдері барлық мән-жайды анықтауға бағытталған кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.


