1959 жылы салынған теміржол вокзалы толық жаңғыртылды.
ERNUR.KZ. Алматы облысындағы Жетісу станциясы теміржол вокзалының реконструкциясы аяқталды. Жаңартылған нысан жолаушылар үшін кең, заманауи әрі жайлы болып, қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарына толық сай келеді, деп хабарлайды ҚР Көлік министрлігі.
1959 жылы салынған теміржол вокзалы толық жаңғыртылды. Қайта жаңарту нәтижесінде ғимараттың жалпы аумағы екі есеге жуық, яғни 135,7 шаршы метрден 258,3 шаршы метрге дейін ұлғайды. Бір қабатты вокзал ғимараты жолаушылар мен теміржол саласы қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасау үшін заманауи инфрақұрылыммен жабдықталды.
Қайта жаңарту барысында шатырды монтаждау, ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі, кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтаудың сыртқы және ішкі инженерлік желілерінің жұмысы орындалды. Сондай-ақ, перронды қайта жаңарту, іргелес аумақты абаттандыру және заманауи жиһаздарды орнату жұмыстары жүргізілді.
Жетісу станциясының теміржол вокзалы 3-санаттағы вокзалға жатады. Станция арқылы күн сайын Алматы, Алтынкөл, Сарыөзек және Қапшағай бағыттарына қатынайтын төрт жолаушылар пойызы өтеді.
Вокзалды жаңғырту жұмыстары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Алматы облысында бұл бағдарлама төрт теміржол вокзалын қамтиды: Қонаев, Шамалған, Жетісу және Қазыбек бек (Ұзынағаш).
Маусым айында жаңғыртудан өткен Қонаев станциясының теміржол вокзалы пайдалануға берілді. 1978 жылы салынған вокзал толық жаңартылып, заманауи талаптарға сәйкестендірілді.


