Өңірде барлығы 18 жоба жүзеге асырылуда.
ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының ауылда медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Жетісу облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмек жүйесін нығайту шаралары қабылдануда. Осы жұмыс аясында өңір аудандарында сегіз медициналық нысан ашылды, олар – елге қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған ФАП, медициналық пункттер және дәрігерлік амбулатория, деп хабарлайды Primeminister.kz.
Өңірде барлығы 18 жоба жүзеге асырылуда. Үкімет Арнаулы мемлекеттік қордан 1,7 млрд теңге бөлді. Жаңа денсаулық сақтау нысандары Жалғызағаш және Қайнар (Ескелді ауданы), Сарытөбе (Панфилов ауданы), Жаңалық (Ақсу ауданы), Қаратал (Көксу ауданы), Оян (Қаратал ауданы) ауылдарында пайдалануға берілген. Сонымен қатар Алакөл ауданы Жайпақ ауылында дәрігерлік амбулатория мен Қайнар ауылында ФАП іске қосылды.
Нысандардың барлығы инженерлік инфрақұрылыммен, заманауи медициналық техникамен жабдықталған және алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету стандарттарына сәйкес келеді.
Бұл жобаларды жүзеге асыру шалғайдағы елді мекендердің 4 мыңнан астам тұрғынын медициналық көмекке қолжетімділікпен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға мүмкіндік береді.


