Жетісу облысында ер адам әйелді күрекпен аяусыз соққыға жықты

0
116

​Жетісу облысында көршісінің шабуылына ұшыраған әйел ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.


Жетісу облысында ер адам әйелді күрекпен аяусыз соққыға жықты

ERNUR.KZ. Жетісу облысы Ақсу ауданында әйелге көршісі күрекпен шабуыл жасаған. Оқиға 3 наурыз күні Сұйықсай ауылында болған. Жергілікті тұрғын әйел түскі үзіліс кезінде жұмыстан үйіне келген кезде көршісінің шабуылына ұшыраған. Аталған дерекке қатысты Жетісу облысы Полиция департаменті ресми жауап берді, деп жазады baq.kz.

Куәгерлердің айтуынша, жанжал тұрмыстық сипатта басталған. Ер адам әйелдің кәмелетке толмаған балаларына тіл тигізген. Әйел оған ескерту жасаған кезде, күдікті қар тазалап жүрген күрегін алып, оған қарсы тап берген.

Ауыл тұрғындарының сөзінше, ер адам әйелге шамамен 40-қа жуық соққы жасаған, оның ішінде басынан да ұрған.

Шабуыл жасаған адамды көмекке келген мектеп жаттықтырушылары ғана тоқтата алған.

Жәбірленуші Ақсу аудандық орталық ауруханасына шұғыл жеткізілді. Дәрігерлер оған бас-ми жарақатын, миының шайқалуын, басының ашық жарақатын, сол қолының сынуын, саусақтарының жыртылған жараларын, сондай-ақ кеуде қуысы мен арқа жұмсақ тіндерінің соғылуын анықтаған.

Тексеруден кейін әйел хирургия бөліміне жатқызылып, басы мен қолына тігіс салынған. Белгілі болғандай, ол акушер-гинеколог болып жұмыс істейді.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы 1-бөлігі (денсаулыққа қасақана зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Жетісу облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, – деп хабарлады полиция департаменті.

Бұған дейін Атырауда итін күрекпен ұрған әйел полицияға да бағынбағаны туралы жаздық. Үй жануарына қатыгездік көрсету дерегі тіркелді. Итін күрекпен ұрған 39 жастағы әйел полиция қызметкерлеріне бағынбай, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.