"Желтоқсан туралы қойылым қоймаңдар": Ғылым министрлігі даулы хатқа қатысты тексеріс бастады

0
202

Желіде жоғары оқу орындарына Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік үшін күресті сахналауға тыйым салатыны туралы хат тарады.


Фото: qalam.global

ERNUR.KZ. Құжатта мұндай қойылымдарды студенттердің қатысуымен ұйымдастырмау сұралған. Ал Ғылым және жоғары білім министрлігі университеттерге мұндай тапсырма берілмегенін мәлімдеді. Оған қоса хаттың шығу тегіне қатысты қызметтік тексеріс бастаған, деп жазады stan.kz.

Бұған дейін Threads желісінде қазақстандық қолданушы министрлік атынан делінген хаттың суретін жариялаған.

“Тәуелсіздік тақырыбын қозғайтын қойылым өткізбеу сұралады”. Жақында Желтоқсан оқиғасына 40, Қазақстанның тәуелсіздігіне 35 жыл толады. Жоғары оқу орындарына осы мерейтойларға байланысты қойылым өткізбеу сұралған құжаттың суреті жарияланды”, – делінген жазбада.

Әлеуметтік желіде тараған құжатта Ғылым және жоғары білім министрлігі комитетінің жоғары оқу орындарына Тәуелсіздіктің 35 жылдығын атап өтуге қатысты жолдаған хаты көрсетілген. Онда студенттердің қатысуымен 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы мен тәуелсіздік үшін күрес туралы қойылымдар өткізбеу сұралған. Алайда мұндай талаптың себебі түсіндірілмеген.

Оның орнына министрлік мерейтойға арналған іс-шараларда “Заң мен тәртіп”, “Адал азамат”, “Таза Қазақстан” қағидаттарын кеңінен насихаттауды ұсынған. Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның жетістіктеріне арналған дәрістер, пікірталастар мен зияткерлік ойындар өткізу керегі көрсетілген.

Алайда министрліктің баспасөз қызметі университеттерге мұндай тапсырма берілмегенін хабарлады.

“Тараған құжатқа байланысты қызметтік тексеріс басталды. Хатты кім әзірлеп, кім таратқаны әзірге анықталмады”, – делінген жауапта.

Ведомство ресми жауабын кейінірек жариялайтынын мәлімдеді.