Жазық далада жалғыз жүрген баланың оқиғасына қатысты жаңа мәлімет шықты

0
97

Бұл оқиға туралы 20 қыркүйекте белгілі болды.


Жазық далада жалғыз жүрген баланың оқиғасына қатысты жаңа мәлімет шықты

фото: Видеодан кадрлар

ERNUR.KZ. Теміржол маңында ересектердің қарауынсыз жүрген балаға қатысты оқиға жалғасын тапты, деп жазады tengrinews.kz.

Полиция не деді?

Көліктегі полиция департаменті Үштөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері баланың ата-анасын анықтап, полицияға жеткізгенін хабарлады.

"Үштөбе станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері теміржол маңында болған баланың ата-анасын жедел анықтап, полицияға жеткізді", - деп хабарлады ведомство.

Көлік полициясының мәліметінше, баланың анасына қатысты кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.

Бала зардап шеккен жоқ. Оқиғадан кейін ол ата-анасына тапсырылды.

Баланы машинист байқап қалған

Бұл оқиға туралы 20 қыркүйекте белгілі болды. Сағат 12:30 шамасында Сарыөзек - Үштөбе учаскесіндегі Тауарасы - Айнабұлақ аралығында жүк пойызының машинисі Айнабұлақ станциясына қарай даламен жалғыз кетіп бара жатқан төрт жасар баланы көрген.

Пойыз сағатына 38 шақырым жылдамдықпен келе жатқан. Машинист қызметтік тежеуді қолданып, құрамды тоқтатты да, баланы локомотив кабинасына алған.

Осыдан кейін ол болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған. Бала Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырылып, ол ата-анасымен байланысқа шыққан.

Алғашқы хабарлама кезінде баланың теміржол маңында жалғыз қалуына себеп болған мән-жайлар нақтыланбаған болатын.

Полиция ата-аналарды кішкентай балаларды, тіпті қысқа уақытқа болса да, қараусыз қалдырмауға шақырды.

"Теміржол - қауіптілігі жоғары аймақ", - деп атап өтті көлік полициясы.

Сондай-ақ ведомство теміржол маңындағы салғырттық қайғылы салдарға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.