Жасөспірімдер дауы: Ақтауда мектеп оқушысының көзіне оқ тиген

0
125

Баланың отбасы әділдік талап етіп отыр.


Жасөспірімдер дауы: Ақтауда мектеп оқушысының көзіне оқ тиген

ERNUR.KZ. Ақтау қаласында жасөспірімдер арасында жанжал болған. Кешкі уақытта достарымен кинотеатрдан шыққан 11-сынып оқушысының бетіне пневматикалық қарудан оқ атылған. Бұл жайттан кейін бір көзі көрмей қалған бозбаланың болашағы бұлыңғыр болып отыр. Оның ата-анасы қылмыскердің әділ жазалануын талап етеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Бәрі тұман сияқты болды…»

Жәбірленуші болған жағдайды еске алып, қиындықтарын жеткізді.

«Досым мені жетектеп алып кетті. Сол сәт есімде жоқ, бәрі тұман секілді болды. Достарымның айтуынша, бізге 5-10 адам тап берген. Бетімнен пневматикалық тапаншамен атқан. Қазір мен бір көзіммен ғана көремін. Бұл – күнделікті өміріме үлкен кедергі», – дейді оқушы.

Бірнеше ота жасалды

Жасөспірім ұшқыш болуды армандаған. Алайда алған бет сүйегі жарақаты мен көру қабілетінің бұзылуы салдарынан медициналық комиссиядан өте алмай, армандаған мамандығына бара алмады.

Анасы Мадина Рысмағанбетова оқиғадан кейін ұлының жағдайы өте ауыр болғанын айтады.

«Бастапқыда ештеңе білмедік. МРТ-дан кейін ғана ішкі жағында оқ барын көрдік. Дереу операцияға апардық. Содан кейін полицияға жүгіндік. Балам: «Анашым, көзім қалай?» деп сұрай берді. Жүрегім ауырды. Оны «бәрі жақсы болады» деп жұбаттым», — дейді ол.

Қылмыстық іс қозғалды, бірақ үкім жоқ

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, бастапқыда іс ҚР ҚК 99-бабы («Кісі өлтіруге оқталу») бойынша тіркелген. Кейін ол 106-бапқа («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») қайта сараланды. Күдікті – кәмелет жасына толмаған жасөспірім. Қазір ол қаладан шықпау туралы қолхатпен босатылған. Тергеу әлі жалғасып жатыр.

Отбасы әділ үкім күтеді

Жәбірленушінің отбасы кінәлілерге қатаң жаза берілуін сұрайды. Анасының айтуынша, олар ешкімді кешірмек емес, себебі баласының болашағы қирады.

«Ұлымның тағдырымен ойнағандарды жазасыз қалдырмау керек. Біз әділеттілікке қол жеткіземіз»,– деді анасы.