"Жарты сағат досын іздеген": Каспийдегі қайғылы жағдайдан аман қалған сарбаз есін жиды

0
121

Науқастың ата-анасының айтуынша, ұлын енді қайтып әскери бөлімге жібергісі келмейді. Әскери тек 3 қазан күні әскерден ресми түрде босатылуы керек болған.


Фото: Видеодан скрин

ERNUR.KZ. Маңғыстаудағы Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы жағдайдан аман қалған әскери Ақжол Темірәлиев ауруханада есін жиды, деп жазады stan.kz.

Әкесі ұлынан көп нәрсе сұрай алмаған. Айтуынша, Ақжол Темірәлиев бірге әскери борышын өтеген жолдастарымен бұған дейін 2-3 күн қатарынан дәл осындай оқу-жаттығу жұмыстарына қатысып, дайындалғанын айтқан.

“Түсінгенімше, қайықтан секірген. Тереңдік пе, әлде толқын ба білмеймін. Балам өз күшімен жүзіп шыққан. Бірінші бірден досы Азаматты іздеген. Іздеуге 30 минуттай кеткен. Одан кейін басы айнала бастаған. Ауруханаға жеткенше есін еміс-еміс біледі”, – дейді Ақжол Темірәлиевтің әкесі.

Науқастың ата-анасының айтуынша, ұлын енді қайтып әскери бөлімге жібергісі келмейді. Әскери тек 3 қазан күні әскерден ресми түрде босатылуы керек болған.

“Мұндай жағдай болып жатқан соң тергеп-тексеру болады. Бірақ мен оған қысым жасалғанын қаламаймын. Жанында болғым келеді. Одан бөлек тірі қалған екі жігіттің қайда екенін білмеймін”, – дейді әскеридің әкесі.

Ер адам ұлының әскери қызметкер екенін ұғынып отыр, сол себепті өзі де артық сөйлеуге жүрексініп отырғанын жеткізді.

Блогер Азамат Сәрсенбаевтың айтуынша, Ақжолдың қазіргі жағдайы тұрақты. Ол жүріп-тұра алады, өздігінен тамақтанып, сөйлесіп жүр. Дәрігерлер қажетті көмектің барлығын көрсетті. Енді оның қалпына келеуін күтеміз.

Еске салайық, 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Соның салдарынан 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткен. Алғашқы ресми мәліметте тоғыз әскери қызметкердің қаза тапқаны, үшеуінің құтқарылғаны хабарланған еді.

Кейін іздестіру жұмыстары барысында тағы екі әскери қызметкердің денесі табылғаны хабарланды. Осылайша, қаза тапқандар саны 12 адамға жетті. Үш әскери қызметші құтқарылды, қалғандарын іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Оқиғаның мән-жайын анықтау және іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін өңірге қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған арнайы комиссия жіберілген. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу Бас прокуратураның ерекше бақылауына алынды.

Қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.