Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін де жауапкершілік күшейтіледі.
Фото: ЖИ
ERNUR.KZ. Қазақстанда жануарларға қатыгездік көрсеткені үшін жауапкершілік күшейтіліп, сондай-ақ жануардан бас тартқандарға да айыппұл енгізіледі. Бұл туралы Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлімдеді, деп жазады ulysmedia.kz.
ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒАЛАР ДА АЙЫППҰЛ ТӨЛЕЙДІ
«Жануарды баспаналарға орналастырмай тастап кету үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, біреу жануарын далаға лақтырып кетсе, айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін – 30 АЕК (129 750 теңге), қайталанса – 60 АЕК (259 500 теңге). Лауазымды тұлғалар үшін – 50 АЕК (216 250 теңге), қайталанса – 100 АЕК (432 500 теңге). Заңды тұлғалар үшін – 100 АЕК (432 500 теңге), қайталанса – 200 АЕК (865 000 теңге)», – деді ол Сенат кулуарында.
Сонымен қатар, вице-министрдің айтуынша, жануарларға қатыгездік жасағаны үшін жауапкершілік те күшейтіледі – айыппұлдар 2,5 есеге өседі.
«ӘҚБтК-нің 47-бабы, 1-тармағына сәйкес, егер әрекет қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, жеке тұлғаларға айыппұл 5 АЕК-тен 30 АЕК-ке (129 750 теңге) дейін өседі, ал лауазымды тұлғалар үшін 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке (216 250 теңге) дейін ұлғаяды. Қайталанған жағдайда жеке тұлғалар үшін 20 АЕК-тен 50 АЕК-ке (216 250 теңге), ал лауазымды тұлғалар үшін 40 АЕК-тен 100 АЕК-ке (432 500 теңге) дейін көбейеді», – деп түсіндірді ол.
ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙТІЛДІ
Бұдан бөлек, жануарларға жауапкершілікпен қарау саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін де жауапкершілік күшейтіледі. Бұл – жануарларды аулау, күтіп-бағу және серуендету ережелеріне қатысты.
«Жеке тұлғалар үшін айыппұл 10 АЕК-тен 15 АЕК-ке (64 875 теңге), лауазымды тұлғалар үшін 20 АЕК-тен 30 АЕК-ке (129 750 теңге), ал заңды тұлғалар үшін 30 АЕК-тен 40 АЕК-ке (173 000 теңге) дейін өседі», – деп қосты вице-министр.
Қазіргі уақытта айыппұлдарға қатысты бұл өзгерістер Мәжілісте қаралып жатыр.


