Сот шешіміне мектеп директоры шағым түсірді, алайда бірінші сатыдағы үкім өзгеріссіз қалды.
фото: Sputnik / Абзал Калиев
АСТАНА, 13 тамыз – Sputnik. Жамбыл облысында мұғалім мектеп әкімшілігінен 2 млн теңге өндіріп алды, деп хабарлайды Жоғарғы сот.
Жуалы ауданының тұрғыны 1991 жылдан бері орта мектепте жұмыс істеген. 2024 жылдың желтоқсан айында зейнеткерлік жасқа жеткен мұғалім мектеп директорының атына оқу жылының соңына дейін жұмыс істеуге ниет білдіріп, арыз жазған. Алайда оның арызы еленбей, мектеп директорының бұйрығымен зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты жұмыстан босатылған.
"Мұғалім бұл бұйрыққа сотқа шағымданып, жұмысын қайта қалпына келтіруді, мәжбүрлі түрде сабаққа келмеген кезеңдегі орташа жалақысын төлеуді және моральдық шығынды өндіруді сұраған", - деп жазылған хабарламада.
Сот іс материалдарын зерттей келе, мектептің әрекеті Еңбек кодексінің, ұжымдық шарттың, салалық келісімнің нормаларын өрескел бұзғанын анықтады.
Жұмыс беруші көрсетілген мерзімде еңбек шартын бұзу туралы хабарлама ұсынбаған және қызметкердің құқықтары ескерілмеген.
"Жуалы аудандық соты мұғалімді жұмыстан босату туралы бұйрықтың күшін жойып, талап қоюшының бұрынғы тарих пәні мұғалімі қызметін қайта қалпына келтіріп, 2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың мамыр айына дейін мәжбүрлі түрде жұмыста болмаған кезең үшін мектеп әкімшілігінен 2,1 миллион теңге жалақы өндіріп алды", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар талап қоюшының пайдасына моральдық шығын ретінде 100 мың теңге, өкілдің қызметі үшін 250 мың теңге өндірілді.
Анықталған заң бұзушылықтарға байланысты сот аудан әкімдігінің білім бөліміне олардың қайталануына жол бермеу шараларын қолдануды талап етіп, жеке ұйғарым шығарды.
Сот шешіміне мектеп директоры шағым түсірген. Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың шешімі мен жеке ұйғарымын өзгеріссіз қалдырды. Сот актілері заңды күшіне енді.