Жамбыл облысында ер адам сүйіктісімен ренжісіп қалып, көлігін өртеп жіберді

0
133

Оған қатысты сот үкімі жарияланды.


Жамбыл облысында ер адам сүйіктісімен ренжісіп қалып, көлігін өртеп жіберді

Фото: depositphotos.com

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында ер адам азаматтық некедегі әйелінің көлігін әдейі өртеп жібергені үшін сотталып кетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

BMW көлігін кредитке алған

Соттың мәліметінше, А. есімді азамат бөтен мүлікті қасақана жою, яғни өртеу арқылы залал келтіру бабы бойынша айыпталған.

«Азаматтық некедегі жұп BMW 530i маркалы көлікті несиеге сатып алған. Жалпы құны – 4 миллион теңге, алғашқы жарнасы – 800 мың теңге болған», – делінген сот хабарламасында.

Жәбірленуші И. есімді әйелдің жүргізуші куәлігі болмағандықтан, көлік уақытша А.-ның иелігіне берілген. Көлікке сақтандыру полисі де рәсімделген.

Дау жанжалға, жанжал қасақана өртеуге ұласқан

2025 жылдың наурыз айының соңында олардың арасында жанжал туындап, соның салдарынан А. ашуға бой алдырған. Сотта айтылғандай, ер адам жанармай бекетінен 5 литр бензин сатып алып, көлікті далаға айдап апарып, бензинді салонына және қозғалтқыш бөлігіне төгіп, от қойып өртеп жіберген

Залал көлемі – 4,4 млн теңге, кінәсін толық мойындады

Оқиға нәтижесінде И. есімді жәбірленушіге 4,4 миллион теңге көлемінде материалдық залал келген. А. сотта кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынды толықтай өтеген.

Сот үкімі: бостандықты шектеу – 3 жыл 6 ай

Сот А.-ны кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын тағайындады.