Зайсан көлінде балық аулауға шығып, хабарсыз кеткен екі адамның денесі табылды

0
182

Іздеу жұмыстарының алғашқы күнінде жағалаудан 3-4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылды.


Зайсан көлінде балық аулауға шығып, хабарсыз кеткен екі адамның денесі табылды

Фото: ШҚО әкімдігі

ERNUR.KZ. Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған 1979 және 2001 жылы туған екі ер адамның денесі табылды, деп жазады inform.kz.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 22 қыркүйекте Балықшы ауылдық округінің аумағында екі ер адам Зайсан көліне балық аулауға шығып, қайтып оралмаған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдарымен үздіксіз іздестіру жұмыстары ұйымдастырылды. Оған жергілікті тұрғындар да өз қайықтарымен қатысты.

Іздеу жұмыстарының алғашқы күнінде жағалаудан 3-4 шақырым қашықтықта суға батқан қайық табылды.

29 қыркүйекте жергілікті тұрғындар 2001 жылы туған ер адамның денесін тапты. Ал 30 қыркүйекте құтқарушылар 1979 жылы туған ер адамның денесін судан алып шықты.

Іздестіру жұмыстары барысында ТЖМ құтқарушылары 63 рет сүңгу жұмыстарын жүргізді. Олар жағалау сызығы мен көлдің акваториясын, оның ішінде ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалана отырып, тексерді.

-Іздестіру жұмыстары ауа райының қолайсыздығына, қатты жел мен су бетіндегі толқынға, сондай-ақ тексерілетін акватория аумағының үлкен болуына байланысты қиындады. Бұл сүңгуірлердің жұмысына және судағы іздестіру топтарының қозғалысына айтарлықтай кедергі келтірді,-делінген хабарламада.