WorldSkills өңірлік чемпионаттарының нәтижелерін талдау негізінде 15 жаңа құзыреттілік қосылды.
ERNUR.KZ. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Астана қаласында 3 желтоқсанда басталған WorldSkills Kazakhstan 2025 республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты жалғасуда. Биыл чемпионатқа қатысушылар саны 1,5 есе артты, былтыр бұл көрсеткіш 548 болса, биыл 825 студенттің қатысуына мүмкіндік берілді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігі.
WorldSkills өңірлік чемпионаттарының нәтижелерін талдау негізінде 15 жаңа құзыреттілік қосылды. Олардың қатарында өнеркәсіптік дизайн, локомотивті басқару, ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану, құтқару жұмыстары, ветеринария, зертханалық-химиялық талдау, АКТ желілік инфрақұрылымы, мектепке дейінгі тәрбие, флористика, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық модельдеу, тоңазытқыш және желдету техникасына қызмет көрсету, қонақүй ресепшені, 1С платформасында бизнес-процестерді автоматтандыру құзыреттіліктері бар.
«Енгізілген жаңа құзыреттіліктер қазіргі технологиялық және салалық үрдістерді, сондай-ақ еңбек нарығының сұранысын көрсетеді. Бұл кадрлық әлеуетті дамытуға және ТжКБ жүйесі мен бизнес-сектор арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді» – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің басшысы Әсет Мұхамбетов.
Чемпионат жеңімпаздары 2026 жылы Қытайда өтетін халықаралық WorldSkills чеспионатына жолдама алады.


