Қыздың анасы Камила Қабиеваның мәлімдеуінше, оқиға 5 тамыз күні болған.
Фото: lada.kz
ERNUR.KZ. Ақтауда жекеменшік балабақшада бір жарым жасар қызға балалардың бірі зәбір көрсеткен. Анасының айтуынша, әлгі бала қызын 50 минуттай ұрып, тістеп, буындырып жатқанда тәрбиеші болмаған, деп жазады stan.kz.
Қыздың анасы Камила Қабиеваның мәлімдеуінше, оқиға 5 тамыз күні болған.
"Бұл жағдай күндіз сағат 15:00 шамасында болғанымен, кешкісін қызымызды алып кетуге барғанымызда бір-ақ білдік. Қызметкерлердің ешқайсысы бізге телефон соғып, болған жайтты хабарлаған жоқ. Бейнебақылау камерасының бейнежазбаларын қарап шыққан соң, қызымды бір бала 40-50 минут бойы ұрып-соғып, тістеп, буындырып жатқанын көрдім. Қызым сол уақытта қатты жылаған, бірақ қасында күтуші болмаған", – дейді қыздың анасы.
Әйелдің айтуынша, ол бейнежазбаны көрген бойда балабақша басшылығын, полицияны және қызына зәбір көрсеткен баланың ата-анасын шақыртқан. Олар қыздың анасын полицияға арызданбауға көндіріп баққан.
"Олар мені полицияға арыз жазбауға көндіруге тырысты. Күтуші 5-10 минутқа ғана кетсе, арыз жазбас едім. Бірақ ол 50 минуттай болмаған! Осы уақытта балам зәбір көріп, қатты жылаған. Ол қайда болды? Не істеп жүрді? Балабақша директоры жай ғана кешірім сұрады – сонымен бітті. Бірақ сол жеткілікті ме? Осындай салғырттыққа жол берген қызметкерді неге ешкім жауапқа тартпайды? Қайта қызым тірі қалды. Ал буындырып өлтірілсе ше?", – деп күйінеді ол.
Камила Қабиева қызының басында тістеген іздер қалғанын айтады. Қызды компьютерлік томографияға түсірген, қазір ата-анасы сараптама қорытындысын күтіп отыр. Анасының айтуынша, кеше түнде баланың қол-аяғы тырысып қалған. Анасы қызының денсаулығына алаңдаулы.
"Полицияға арыз жазып қойдым, ертең адвокатыммен прокуратураға барамын. Полиция бөлімінде әкімшілік бап бойынша іс қозғағалы отырғандарын айтты, бірақ мен оны қылмыстық бап бойынша – Қылмыстық кодекстің 140-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша саралауды талап етемін", – дейді Камила Қабиева.
Білім басқармасындағылар оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатқанын хабарлады.