Оқыс оқиға таңғы сағат 6 шамасында болған.
Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Жезқазған қаласында полиция қызметкерлері ер адамды жанып жатқан пәтерден алып шықты, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Полицияның мәліметінше, таңғы сағат 06:24 шамасында кезекші бөлімге Бейбітшілік көшесіндегі үйлердің бірінің пәтерінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция ротасының инспекторлары, жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері және жедел-тергеу тобы шұғыл жетті.
Көпқабатты тұрғын үйдің жоғарғы қабаттарын қою түтін басқанын байқаған полиция қызметкерлері дереу эвакуациялық шараларды ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары пәтерлерді аралап, тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарған.
Сақшылар өрт шыққан пәтерді тексеру барысында ес-түссіз жатқан азаматты анықтады. Уақыт жоғалтпай, дереу қауіпсіз жерге шығарды. Кейін құтқарылған азамат медицина қызметкерлеріне тапсырылды.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында қайғылы оқиғаға жол берілген жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр.


