Учаскелік полицейлерге ит пен мысықтардың чиптелуін тексеру өкілеттігі берілмек

0
76

Бүгін Парламент Мәжілісінде қабылданған заң аясында тілшілер депутаттардан көпқабатты тұрғын үйлерде ит асырайтындардың әрекетін кім қадағалайтынын сұрады.


Учаскелік полицейлерге ит пен мысықтардың чиптелуін тексеру өкілеттігі берілмек

Фото: Айзада Агильбаева/Kazinform

ERNUR.KZ. Жаңа заң жобасы аясында полицейлерге тұрғын үйлердегі ит пен мысықтардың чиптелуін тексеру өкілеттігі беріледі. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәлім етті, деп жазады inform.kz.

Бүгін Парламент Мәжілісінде қабылданған заң аясында тілшілер депутаттардан көпқабатты тұрғын үйлерде ит асырайтындардың әрекетін кім қадағалайтынын сұрады.

— Қазір Ішкі істер министрлігімен берге тиісті шешім қабылдап жатырмыз. Бүгін қабылданған заңда барлық ит пен мысықтар міндетті түрде чиптелуі керек екенін бекіттік. Ал енді оның бар немесе жоғын анықтайтын және тексеретіндер болуы керек. Бізге бақылау мен мониторинг қажет. Алдағы уақытта қаралатын заңдардың аясында жергілікті билік пен учаскелік полицейлерге құзырет бермекпіз. Оларда әр үйге барып, мысық пен иттің чипін тексеру өкілеттігі болады, — деді Еділ Жаңбыршин.
Оның айтуынша, егер чип болмаса, тұрғындарға тиісті уақыт беріледі.
— Бір айдан кейін барғанда да чип болмаса, онда айыппұл салынады. Үшінші ескертуден кейін де чиптемесе, бұл жануарлар иесіз ит есебінде болады. Заңнама аясында тұрғындардың жауапкершілігін де, қадағалау функцияларын да күшейтіп отырмыз. Осы орайда елімізде чиптелмеген әрі иесіз ит болмауы керек. Мұндай қадамдар арқылы тәртіп болады. Адамды қапқан иттің иесі кім екенін білмей жатамыз, — деді депутат.

Айта кетейік, бүгін Мәжіліс «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылдады.