«Төрт жасар қызымды зорламақ болды»: Балқашта 8 жастағы ұлды ұрған ер адам оған қарсы арыз жазған

0
108

​Полиция тергеу жүргізіп жатыр.


«Төрт жасар қызымды зорламақ болды»: Балқашта 8 жастағы ұлды ұрған ер адам оған қарсы арыз жазған

Фото: https://www.threads.com/@madyssun.

ERNUR.KZ. Балқашта 8 жастағы баланы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері аяусыз ұрған оқиғаға қатысты тың мәліметтер шыға бастады.Баланы ұрған ер-азаматтың айтуынша, бала оның төрт жастағы қызын шешіндіріп, зорламақ болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ер адамның айтуынша, 8 жастағы бала 4 жасар қызына жыныстық әрекет жасаған. Қарағанды облысының полиция департаменті бұл деректі редакция тілшісіне растады. Оған қатысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр.

«Балқаш қаласында кәмелетке толмаған баланы ұрып-соққан ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Аталған қылмыстық іске күдікті ретінде танылған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Іс полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында», - делінген хабарламада.

Полицияның мәліметінше, күдікті оқиғаның қалай болғанын баяндап, балаға қатысты қарсы арыз жазған. Яғни, ер адам 8 жастағы ұл оның төрт жастағы қызына қатысты зорлық жасағысы келді деген мәлімдеме жасаған. Полиция оның да арызын қарап жатыр.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған кешенді тергеу басталды. Тараптардың уәждері мен барлық ықтимал нұсқалар жан-жақты қаралып жатыр. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпараттар жария етілмейді», - деп хабарлады полиция.

Еске сала кетейік, Балқашта 8 жастағы баланы «Қазақмыс» компаниясының қызметкері аяусыз ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл жайлы баланың анасы Мадина Досымбекова әлеуметтік желіде жазып, халықтан көмек сұраған еді. Ер адам баланың саусақтарын сындырып, басынан ұрған және денесін күйдірген деген ақпарат бар.