Тазалық Түркістаннан басталады. Президент бастамасы өңірде қай деңгейде орындалып жатыр?

0
142

«Таза Қазақстан» бағдарламасын сөз еткенде, өңірлерде атқарылған жұмыстарға назар салу – заңдылық.


Тазалық Түркістаннан басталады. Президент бастамасы өңірде қай деңгейде орындалып жатыр?

Осыдан екі жыл уақыт бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алды. Әдепкіде бұл идея қысқа ғана уақытқа жоспарланғанымен, ел тұрғындары бұл игілікті бастаманы күнделікті тұрмыс-тіршіліктеріне енгізіп, бүгінге дейін жалғасып келе жатыр. Бір сөзбен айтқанда Президенттің қысқамерзімді бастамасы ұзықмерзімді мемлекеттік бағдарламаға айналды. Нәтижесінде, бұл бастамаға миллиондаған қазақстандық атсалысып, қоршаған ортаның ахуалы айтарлықтай жақсарып келеді. Атап айтқанда, Үкіметтің ресми сайтындағы ақпараттарға сүйенсек, 2024 жылдың 8 сәуірінен бері бұл акцияға он миллионнан аса адам үлес қосып, 845 мың тоннаға тарта күл-қоқыс жиналыпты. Еңбекқор азаматтар тоқсан мың гектарға тарта аумақты тазартып, 4 миллион түпке жуық ағаш көшетін еккен. Осы ретте былтырғы жылдың өзінде 1300-ге жуық іс-шара өткізіліпті. Биылғы жұмыстар көлемі бұдан артық болмаса, кем түспейтіні белгілі.


Көш басынан түспейтін күнгей өңір

«Таза Қазақстан» бағдарламасын сөз еткенде, өңірлерде атқарылған жұмыстарға назар салу – заңдылық. Әсіресе, көктем ерте шығатын, халқы тығыз орналасқан аймақтардың көрсеткішіне ерекше тоқталу қажет-ақ. Сондықтан осы мақалада «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар бойынша әрдайым көш басынан көрінетін Түркістан облысындағы іргелі істерге шолу жасамақпыз. Жалпы, соңғы жылдарда оңтүстік өңірде экологиялық жағдайды жақсарту ісі күн тәртібінен түспейтін тақырыпқа айналды. Тиісінше, «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталғалы бері облыс аумағында 7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылып, экологиялық акцияға 1 млн 300 мыңнан астам тұрғын атсалысқан. Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан ресми хабарламаға сүйенсек, азаматтар бір миллионнан аса ағаш көшетін отырғызып, 17000 тоннаға жуық күл-қоқысты тазалаған. Сондай-ақ, өткен жылы республикалық акция шеңберінде оннан аса саябақ, 180 балалар алаңы, 100-ден аса спорт алаңшасы, скверлер мен аллеялар ашылған. Одан бөлек, экологиялық іс-шаралардың тиімділігін арттыру мақсатында 400-ге тарта арнайы техника сатып алынған. Ал, өзекті проблемаларды дер кезінде шешу үшін іске қосылған «TazaQazBot» жүйесі арқылы 3500-ге жуық өтініш түсіп, мәселелер оңтайлы шешілген.

Өңірде экологиялық мәдениетті көтеру жұмыстарына құзіретті органдар да үлес қосуда. Атап айтқанда, былтыр тазалық талаптарын бұзу дерегіне қатысты 33 мыңнан астам хаттама түзіліп, экологиялық ахуалға атүсті қараған тұлғаларға 604 миллион теңгеден аса айыппұл салыныпты. Мұндай заңсыз әрекетердің алдын алу мақсатында түсіндіру, заңбұзушылықтың алдын алу жұмыстары да атқарылып келеді.

Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау бағытында жыл сайын дәстүрлі байқаулар да өткізіледі. Олар – «Үлгілі ауыл» және «Таза аула» байқаулары. Мәселен, 2025 жылы бұл додаларда өңірдегі екі қала мен мен 85 елідмекен бақ сынап, ауыл-аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға негізделген ең мықты тәжірибелер анықталған. Нәтижесінде Кентаудағы Байылдыр ауылы бас бәйгені иеленсе, бірінші орынды Сарыағаштағы Қызылжар ауылы, екінші орынды Төлебидегі Мәдени ауылы, ал үшінші орынды Созақтағы Жуантөбе ауылы қанжығалады. Байқау талаптарына сәйкес, ендігі кезекте үздік атанған ауылдарға әлеуметтік маңызы бар нысандар салынатын болады.


Жыл басынан бері қандай жұмыстар атқарылды?

Жыл басында облыс әкімінің баспасөз қызметі «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы биылғы жұмыс жоспары кеңейтілгенін мәлімдеген. Ресми ақпаратта жұмыс жоспарына күнделікті атқарылатын іс-шаралар, мәдени-спорттық іс-шаралармен байланыстырылған экологиялық жұмыстар, ай сайын кемінде екі рет өзкізілетін ауқымды науқандар енгізілгені баяндалған. Жоспарға сәйкес, биыл өңірде 7 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып, 1 миллион түп ағаш көшетін егу және басқа да жұмыстарды атқару көзделген.

Мәселен, бүгінде Түркістан облысы аумағындағы республикалық автожолдарды тазартуға 130-дан аса қызметкер мен 20 техника, ал облыстық жолдарды тазалауға 80-нен аса қызметкер мен 22 техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, биылғы жұмыс жоспары аясында күл-қоқыс жиі тасталатын 117 орын анықталып, ерекше бақылауға алынған. Аталған нүктелерге тұрақты бақылау жүргізіліп, құзіретті органдар тарапынан күнделікті тексеріледі. Одан бөлек, биыл өңірдегі эко-мәдениетті көтеру мақсатында «Эко-патруль» деп аталатын жоба іске қосылмақ. Бұл жобаны іріктеуден өткізілген 400-ге тарта белсенді жас жүзеге асыратын болады. Өңірде «Ғарыш сапары» жүйесі арқылы анықталған ыстық нүктелер де жіті бақылауда. Осы бағыттағы жұмыстар нәтижесінде облыс аумағындағы күл-қоқыс бей-берекет тасталатын 120-ға жуық заңсыз полигон жойылған екен. Жыл басынан бері облыс көлемінде тазалық және ағаш көшетін отырғызу жұмыстары да тұрақты жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, 2026 жыл басталғаннан бүгінге дейін 150 мың түптен аса ағаш көшеті егілген.


Президент тапсырмасы түркістандықтарға қалай әсер етті?

Естеріңізде болса, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірер күн бұрын Наурыз мейрамы аясында қазақстандықтарға үндеу жасады. Мемлекет басшысы өз сөзінде «Наурызнамадағы» «Тазару күні» аясында Қазақстанның барлық аумағында «Таза Қазақстан» жобасының жаңа дәуіріне жол ашатын экологиялық науқан басталғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ел көлемінде «Мөлдір бұлақ» бастамасын іске асыруды тапсырды.

Тиісінше, «Тазару күніне» орай өңір аумағында жалпыхалықтық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға тұрғындардан бөлек, облыс және қала әкімдігінің қызметкерлері де атсалысып, тазалық және ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын атқарды. Нақтырақ айтқанда, экологиялық акцияға жиырма мыңға жуық түркістандық үлес қосып, 15 000 түпке тарта ағаш көшетін екті. Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, сәуір айының аяғына дейін өңір аумағында отырғызылған ағаш көшетінің саны 300 мыңнан асады.

Түркістандықтар «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Мөлді бұлақ» бастамасын да қарқынды түрде жүзеге асырып жатыр. Мәселен, Төлеби ауданының тұрғындары Зертас және Көксәйек елдімекендері аумағындағы бұлақ көздерін ашып, су арнасын тазартса, 500-ден астам шардаралық тұрғын «Шардара» су қоймасының аумағын ретке келтірді. Мақтаралдықтар «К-18» су арнасының бойында тазалау және абаттандыру жұмыстарын атқарса, жетісайлықтар «К-30» каналы аумағын ретке келтіріп, 2000 түп ағаш көшетін отырғызды. Қала әкімі Жандос Тасов бастаған кентаулықтар Хантағыдағы бұлақ көздерін ашып, 20 тоннаға тарта күл-қоқысты тазартса, арыстық азаматтар Теміржолшы елдімекеніндегі жағажайды ретке келтірді. Теріскейдегі Созақ ауданында да елуден аса бұлақ көзі ашылса, Ордабасыда да осындай жұмыстар атқарылып, бұлақтардың маңайын демалыс орнына айналдыру мәселесі қаралды. Сарыағаш ауданында жалпы ұзындығы 15 шақырымды құрайтын каналдар мен арық-атыздар тазаланса, Сауранда ұзындығы 13 шақырымға жететін өзен арналары мен бұлақ көздері реттеліп, ағаш көшеттері отырғызылды. Түлкібаста қырықтан астам, Қазығұртта он бұлақтың бастауы тазартылып, отырарлықтар су арналарының бойын абаттандырды.

Түркістан өңірінде «Мөлдір бұлақ» акциясы аясында атқарылған жұмыстарға Премьер-министр де қатысты. Атап айтқанда, өңірге жұмыс сапарымен барған Олжас Бектенов Сайрам ауданы, Ақбұлақ ауылындағы «Ақ-Ата» бұлағын тазарту және абаттандыруға атсалысып, тұрғындармен бірге ағаш көшеттерін отырғызды.

Премьер-министр іс-шара барысында ел Президентінің экологиялық бастамалары Қазақстан азаматтарының қолдауымен жаңа Конституцияда бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» бастамасы аз ғана уақыт ішінде жалпыұлттық қозғалысқа ұласып, ауқымды бағдарламаға айналғанын тілге тиек етті.

«Бұл — нәтижелі, жасампаз патриотизмнің айқын үлгісі. Бүгінгі таңда акция тек сенбіліктермен және ағаш отырғызумен шектелмейді. «Мөлдір бұлақ» бастамасы табиғи бұлақтар мен су айдындарын қамти отырып, аясын кеңейтуде, сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселесінің маңызын жалпы қоғамдық деңгейде көтеріп отыр» — деді Олжас Бектенов өз сөзінде. Ал, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңір аумағындағы 1500-ге жуық бұлақ көзін тазартып, маңайын ретке келтіру жоспарланғанын жеткізді.

Сөз басында Түркістан облысы көктем ерте шығатын өңірлердің бірі екенін әрі халық саны бойынша да алдыңғы қатарда тұрғанын айттық. Сондықтан бұл аймақ өзгелерге үлгі көрсетуі тиіс десек, қателеспейтін шығармыз. Сол себепті, бұл бағыттағы іс-шараларды өңір басшысы Нұралхан Көшеров те жігі бақылауына алған. Облыс әкімі бақылап қана қоймай, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шараларды дер кезінде әрі сапалы атқаруды және жандандыра түсуді талап етіп келеді. Өйткені, «Таза Қазақстан» бағдарламасын жемісті түрде іске асыру – Мемлекет басшысы айтқан патриотизмнің жарқын үлгісі.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ