​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Табиғатты қорғау – ортақ жауапкершілік

0
97

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы осы міндеттерді орындауға мұрындық болып, өңірлерде ауқымды істер атқарылып жатыр.


​«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН»: Табиғатты қорғау – ортақ жауапкершілік

фотосуреттер Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қорынан

Табиғатты қорғау, қоршаған ортаны таза ұстау және елді мекендерді көгалдандыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы осы міндеттерді орындауға мұрындық болып, өңірлерде ауқымды істер атқарылып жатыр. Соның ішінде Түркістан облысында экологиялық ахуалды жақсартуға, орман қорын молайтуға, жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы ретте өңірдегі күзгі ағаш отырғызу науқаны, «Жасыл белдеу» жобасы, көшет өсіру және табиғи ресурстарды қорғау бағытындағы жұмыстар туралы Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Төлепов Ғалымжан Әнуарұлымен әңгімелескен едік.

– Ғалымжан Әнуарұлы, елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасының негізгі мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау. Осы бастаманың қоғам мен табиғатқа тигізіп отырған әсері туралы айтып өтсеңіз.

– «Таза Қазақстан» – елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етумен қатар, тұрғындардың табиғатқа деген көзқарасын өзгертуге бағытталған маңызды бастама. Оның басты мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды сақтау, көгалдандыру жұмыстарын жандандыру және экологиялық жауапкершілікті қоғамның ортақ құндылығына айналдыру.

Бағдарлама аясында еліміздің барлық өңірінде тазалық акциялары, сенбіліктер, ағаш отырғызу және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Бұл іске мемлекеттік мекемелермен қатар кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар, жастар мен тұрғындар да белсенді қатысып келеді.

Ең маңыздысы – адамдардың туған жеріне деген жанашырлығы артып, қоршаған ортаны қорғау әр азаматтың міндеті екені айқындала түсті. Экологиялық мәдениет бір күнде қалыптаспайды. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жалғасуы тиіс.


– Жалпыұлттық бастама аясында Түркістан облысында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Өңірде көгалдандыру, орман қорын молайту, табиғи аумақтарды қорғау және елді мекендердің экологиялық жағдайын жақсарту бағыттарына басымдық берілген. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, өңірдегі 807 елді мекенді көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Бекітілген аймақтық жоспар бойынша елді мекендердің 90 пайызға жуығын жасыл желекпен қамту және облыс көлемінде 4 миллионға жуық көшет отырғызу көзделген.

Мемлекет басшысының республика бойынша бес жылда елді мекендерге 15 миллионнан астам ағаш отырғызу тапсырмасы аясында Түркістан облысында 2021-2025 жылдары барлығы 3 635 000 түптен аса көшет егілді. Оның ішінде 2021 жылы – 232 100, 2022 жылы – 251 685, 2023 жылы – 1 088 944, 2024 жылы – 997 329, 2025 жылы – 1 065 139 түп көшет отырғызылды.

Биыл облыс бойынша 1 миллион түп көшет егу жоспары бекітілген. Оның 332 500 түбі көктемде отырғызылды. Ал күзгі маусымда 717 мың түп көшет босату жоспарланған. Бұл жұмыстар елді мекендердің жасыл желек көлемін арттыруға бағытталған.


– Қазіргі таңда күзгі ағаш отырғызу науқаны басталды. Биылғы маусымға дайындық қалай жүргізілді?

– Көшеттер 2026 жылғы 12 қарашадан бастап орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан беріле бастады. Күзгі маусымға дайындық барысында аудан, қалалардағы ағаш отырғызу схемалары әзірленіп, көшет егілетін аумақтар тексерілді. 7-9 қазан күндері арнайы жұмысшы топ жер телімдерінің қоршалуын, суару жүйелерінің жай-күйін және отырғызуға арналған шұңқырлардың дайындығын зерделеді. Барлық аудан, қала әкімдіктері дайындықты 3 қарашаға дейін аяқтады.

Бекітілген алгоритмге сәйкес, босатылған көшеттерді тасымалдау және отырғызу жұмыстары үш күн ішінде аяқталуы тиіс. Көшеттерді сапалы егіп қана қоймай, оларды суару мен күтіп-баптау мәселесіне де ерекше назар аударылады. Жұмыстар аяқталған соң басқарма, орман шаруашылығы және аумақтық инспекция мамандарынан құралған топ бақылау жүргізеді.

Күзгі маусымда айлант, үйеңкі, тұт, шаған, жай арша, боз арша, жапон сафорасы, қараағаш, терек, тал, жиде, емен, жабайы алма, өрік, алмұрт және басқа да 20-ға жуық ағаш түрін отырғызуға басымдық беріледі.

– Түркістан қаласының әуежай жолы бойында да ауқымды ағаш отырғызу іс-шарасы өтті. Осы бастамаға да тоқталсаңыз.

– Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту және көркін арттыру мақсатында әуежай жолының бойында жаппай көшет отырғызу іс-шарасы ұйымдастырылды. Оған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, өзі де қатысты. Жалпы іс-шараға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың 1000-ға жуық қызметкері атсалысты. Нәтижесінде бір күнде 22,5 мың түп көшет отырғызылды. Оның ішінде 7500 түп тұт, 6250 түп жиде, 5000 түп өрік пен алша, 3750 түп қарағаш бар. Алдағы уақытта әуежай жолының бойына тағы 87,5 мың түп ағаш егу жоспарланған. Бұл жұмыс қалаға кіреберіс аумақты көгалдандырумен қатар, жасыл желек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.


– Мемлекет басшысының республика бойынша 2 миллиард түп ағаш отырғызу тапсырмасы аясында облыстың орман қорын молайту жұмыстары қалай жүзеге асуда?

– Түркістан облысында мемлекеттік орман қоры жерлерінің жалпы көлемі 3 165,0 мың гектарды құрайды. Осы аумақтарды көгалдандыру мақсатында 2021-2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілген. Жоспар бойынша 110 мың гектар жерге 170 миллион түп сексеуіл көшетін егу көзделген.

Алғашында жоспар 2021-2025 жылдарға арналған болатын. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің тапсырмасына сәйкес, оның мерзімі 2027 жылға дейін ұзартылып, қайта бекітілді.

2021-2025 жылдары 96 мың гектар аумаққа 146 миллион түп сексеуіл егілді. Бұл бастапқы межеден 116 пайызға артық орындалған көрсеткіш. Отырғызылған көшеттердің орташа жерсіну көрсеткіші 50-53 пайызды құрайды. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 5 желтоқсандағы №729 бұйрығына сәйкес, облыс бойынша орман дақылдарының жерсінуі мен сақталуының нормативтік көрсеткіші 50 пайыз болып белгіленген.

Биыл қараша-желтоқсан айларында қосымша 14 мың гектар аумаққа 24 миллион түп көшет егу жоспарланып отыр.

– Түркістан қаласының айналасындағы «Жасыл белдеу» жобасының қазіргі жағдайы қандай?

– «Жасыл белдеу» аумағы 29 544 гектарды құрайтын алты орманшылықтан тұрады. Бүгінгі таңда оның 19 471 гектарына ағаш отырғызылған. Оның 11 134 гектары сексеуіл екпелері болса, 8 337 гектарына жапырақты ағаштар егілген. Сексеуіл көшеттерінің жерсіну көрсеткіші 52 пайызды, жапырақты ағаштардың көрсеткіші 43,7 пайызды құрайды. Жапырақты ағаштарды суаруға арналған 241 ұңғыма бар. Оның 113-і жұмыс істеп тұр, 128-і уақытша істен шыққан.

Көктемде екпелерді толықтыру үшін 1805,5 гектар аумаққа 596 020 түп көшет отырғызылды. Оның ішінде 514 020 түп жапырақты ағаш және 82 000 түп сексеуіл бар.

Күзде 6296,1 гектар аумаққа тағы 1 190 127 түп көшет отырғызу жоспарланған. Оның 984 257-сі жапырақты ағаш, 205 870-і сексеуіл көшеттері. Толықтыру жұмыстары алты орманшылықтың бесеуінде жүргізіледі.

Жер дайындау 20 қазан мен 25 қараша аралығына, ал көшет отырғызу 15 қараша мен 15 желтоқсан аралығына жоспарланған. Бұл жұмыстарға екі тракторға арналған бұрғылау құрылғысы, екі көшет қазатын соқа және 52 қол бұрғылау құрылғысы пайдаланылады.


– Көшет қорын көбейту үшін қандай жұмыстар қолға алынған? Терек қаламшаларын отырғызу жобасының да маңызы зор болса керек.

– Қазіргі таңда басқармаға қарасты коммуналдық мемлекеттік мекемелерде жалпы көлемі 250 гектарды құрайтын 14 тұрақты тұқымбақ бар. Онда ағаш-бұталардың 21 түрінен 12,3 миллион түп көшет өсірілуде. Оның ішінде қылқан жапырақты ағаштардың бес, жапырақты ағаштардың 11 және бұта тектес өсімдіктердің бес түрі бар. Стандарт талаптарына сай көшеттер саны 2 480 629 түпті құрайды.

Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасымен Қытайлық кәсіпкер-инвестор «Лихуа» компаниясының тәжірибесі негізінде терек қаламшаларын отырғызу жобасы қолға алынды. Жалпы 40 гектар аумаққа 1,4 миллион түп терек қаламшасын егу жоспарланған. Бір гектарға 35 000 дана қаламша отырғызылады.

«Жасыл аймақ» мекемесінің №2 Ескі әуежай орманшылығына қарасты 20 гектар жерге 700 000 түп, Шардара мекемесінің тұқымбағына 10 гектар аумаққа 350 000 түп, Отырар мекемесінің Балтакөл орманшылығына 10 гектар жерге 350 000 түп терек қаламшасы егіледі. Қазіргі таңда жер дайындау жұмыстары басталған.


– Аудан, қалалардың өздерін көшетпен қамтамасыз етуі үшін қандай жағдай жасалып жатыр?

– Бұл бағытта да нақты міндеттер қойылған. Аудан, қала әкімдіктеріне өз тұқымбақтарын ашып, елді мекендерді көшетпен қамтамасыз ету тапсырылды. Осы мақсатта 14 аудан, қала әкімдігінде жер бөлініп, тұқымбақтар ашылды.

Облыста барлығы 16 тұрақты тұқымбақ бар. Оның ішінде Сауран және Түлкібас аудандарында екі тұқымбақтан орналасқан. Жалпы аумағы 45,8 гектар болса, игерілген 17,4 гектар жерге 436 515 түп көшет егілген.

Бұл көшеттерді 2026 жылдың күзінде, 2027 жылдың көктемі мен күзінде толықтыру жоспарланған. Нәтижесінде олар 2028 жылдың көктемгі маусымына дайын болады. Қазіргі таңда Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде. Арыс қаласы өз қажеттілігін көшетпен толық қамтамасыз етіп отыр. Ал Кентау қаласы, Жетісай және Шардара аудандары 2027 жылдың күзіне қарай Арыс қаласының тәжірибесі негізінде өздерін көшетпен қамтамасыз етуге дайын болады деп жоспарлануда. Бұған қоса, 2027 жылдың көктемінде басқармаға қарасты орман шаруашылығы мекемелерінің тұқымбақтарынан аудан, қала елді мекендерін көгалдандыру үшін 300 мыңға жуық көшет босату көзделген.

– Басқарманың алдағы кезеңдегі негізгі жоспарлары қандай? Сұхбатымызды қорытындылай келе, өңір тұрғындарына айтарыңыз болса.

– Алдағы уақытта орман қорын молайту, елді мекендерді көгалдандыру және отырғызылған көшеттердің жерсінуін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады. Күзгі маусымда жоспарланған көшеттерді уақтылы егіп, олардың күтімі мен суарылуын бақылауға аламыз. Сонымен бірге «Жасыл белдеу» аумағын толықтыру, терек қаламшаларын өсіру және аудандық тұқымбақтардың әлеуетін арттыру міндеттері тұр.

Басқармаға қарасты сегіз коммуналдық мемлекеттік мекеме осы бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыруда. Оның алтауы орман шаруашылығымен, біреуі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қорғаумен, тағы біреуі өсімдіктер мен жануарларды қорғау қызметімен айналысады.

Біздің негізгі мақсатымыз – тек ағаш отырғызу көрсеткіштерін орындау емес, олардың өсіп-жетілуіне жағдай жасау. Себебі егілген әрбір көшет тұрақты күтімді, уақтылы суаруды және бақылауды қажет етеді.

Табиғатты қорғау – бір ғана мекеменің міндеті емес, баршаға ортақ жауапкершілік. Әр тұрғын тазалықты сақтап, айналасын көгалдандыруға үлес қосса, еліміздің экологиялық жағдайы да жақсара түседі. Сондықтан «Таза Қазақстан» бастамасын күнделікті өмір салтымызға айналдыруымыз керек деп санаймын.

– Мазмұнды сұхбат үшін алғыс білдіремін!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ