Жеке қаржы мен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері арқылы іске асырылған бұл нысан өңірдің ғана емес, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуына ықпал ететін маңызды өндірістік жоба болып саналады.
фотосуреттер Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен
Қазақстан Республикасында отандық бизнес пен өндірісті өркендету, ұлттық экономиканың әлеуетін көтеру бағытында қыруар жұмыс атқарылып, ауқымды жобаларға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары жүйелі түрде іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта бизнес бастаймын немесе бизнесін дамытамын деген азаматтарға жеңілдетілген несиелер, түрлі субсидия, кәсіптік білім және кеңес берк сынды тиімді тетіктер қарастырылған. Мәселен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы жүзеге асырылатын «Өрлеу» бағдарламасы өндірісті ұлғайтуға және инвестициялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік сыйласа, «Іскер аймақ» бағдарламасы ауылдардағы, шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы шағын және орта бизнесті қолдайды. Одан бөлек, қазақстандық кәсіпкерлердің қаржылық ахуалын реттеу мақсатында құрылған кепілдік қорлары жұмыс істеп жатыр. Мұндағы басты мақсат – отандық өндірісті өркендету, отандық өнімнің әлемдік бәсекеге қабілеттілігін көтеру, импортқа тәуелділіктен арылу және мыңдаған жұмыс орнын ашу арқылы ел тұрғындарының табысын арттыру. Осындай қолдаулардың нәтижесінде ел аумағында ірі өндірістік кешендер бой көтеріп жатыр. Солардың бірі ретінде күні кеше Түркістан облысы, Арыс қаласына қарасты Қожатоғай ауылдық округінде Орта Азиядағы ауқымды агроөнеркәсіптік бастамалардың бірі жүзеге асты. Атап айтқанда, «TURKESTAN AGRO KZ» серіктестігінің бір мезетте 50 мың бас мал ұстауға қауқарлы бордақылау кешені жұмысын бастады. Жобаның салтанатты ашылу рәсіміне Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин арнайы қатысты. Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен жергілікті тұрғындар да маңызды жобаның іске қосылуына куә болды.

«Бүгін біз Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешендерінің бірін ашып отырмыз. Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует жеткілікті. Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл – еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Мақашұлы өз сөзінде.

Жоба «Қайып Ата» компаниялар тобына кіретін «Түркістан Агро KZ» ЖШС тарапынан жүзеге асырылды. Кешен жемшөп дақылдарын өсіруден бастап мал бордақылау, мал сою, етті өңдеу және дайын өнімді өткізуге дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Кешен иесі Сырым Ертаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығын жаңа технологиялармен жабдықтап, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздейтін жобаға 2024-2026 жылдар аралығында 7,7 млрд теңге инвестиция құйылған. Жеке қаржы мен мемлекеттік қолдау мүмкіндіктері арқылы іске асырылған бұл нысан өңірдің ғана емес, Қазақстанның экономикалық тұрғыдан дамуына ықпал ететін маңызды өндірістік жоба болып саналады.
«Мал бордақылау кешені аустралиялық технологиялар негізінде тұрғызылды. Құрылыс жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілді. Алғашқы кезеңде 15 мың басқа есептелген бордақылау алаңы пайдалануға берілсе, келесі кезеңде қосымша 35 мың басқа арналған өндірістік орын іске қосылды. Нәтижесінде кешеннің жалпы мал қабылдау мүмкіндігі 50 мың басқа дейін ұлғайды. Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға 3,5 миллиард теңге, ал екінші кезеңіне 4,2 миллиард теңге жұмсалды. Оның ішінде 953 миллион теңге кәсіпорынның жеке қаражатынан бөлінсе, 6,6 миллиард теңге «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылды. Кәсіпорын жылына 15 мың тонна ет өндіруге қауқарлы. Компаниялар тобының құрамында жылына 7,2 мың тонна өнім шығаратын ет өңдеу кәсіпорны мен қуаттылығы 46 мың тонналық құрамажем зауыты жұмыс істейді. Жоба аясында 60 тұрақты жұмыс орнын қалыптастыру жоспарланған. Бұл жергілікті халықтың еңбекпен қамтылуына ықпал етіп, Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына да қосымша мүмкіндік туғызады», - дейді Сырым Махамбетұлы.

Өндірістік кешеннің басты басымдығы – мал шаруашылығына қажетті заманауи жабдықтар мен барлық инфрақұрылымның бір кешенде біріктірілуі.
Мұнда малдың денсаулығын тексеріп, ветеринариялық қызмет көрсетуге арналған арнайы бекет жұмыс істейді. Аустралияда өндірілген құрылғылармен жабдықталған ветеринариялық бөлімде бір тәулікте 800-1000 басқа дейін емдеу және алдын алу шараларын жүргізуге болады. Сонымен бірге, малды оқшаулап ұстауға арналған карантиндік орындар мен автоматты су жеткізу жүйелері орнатылған.
Сондай-ақ, кешен аумағында ауданы 4000 шаршы метрді құрайтын жем-шөп сақтау орны, әкімшілік-іскерлік ғимарат, жұмысшыларға арналған жатақхана мен асхана салынған. Ал өндіріс процесінде пайдаланылатын арнайы техникалар мен жабдықтар Германия және Австралия елдерінен сатып алынған.
Бордақылау кешенінің тағы бір артықшылығы – мал азығына қажетті жем-шөпті өз күштерімен дайындауға басымдық беруі. Ол үшін серіктестік бордақылау кешеніне іргелес орналасқан 4 710 гектар жерге жемшөп дақылдарын егуді қолға алған. Егістік алқаптарында әлем жұртына танымал «John Deere» компаниясының ауыл шаруашылығы машиналары мен жаңбырлатып суару жүйелері қолданылады. Жобаның бастапқы сатысында су қорын жинайтын нысан салынып, электр қуатымен жабдықтау желілері және су тасымалдайтын құбырлар жүргізілген. Бүгінгі таңда жаңбырлатып суару құрылғыларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Аталған жұмыстар малға қажетті азықты тоқтаусыз өндіруге, су қорын үнемді әрі тиімді қолдануға ықпал етеді.
«Өндіріс кешенінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті инженерлік-коммуникациялық желілер дайындалды. Кешенді сапалы ауызсумен қамту мақсатында тереңдігі 1000 метрді құрайтын су ұңғымасы қазылып, өткен жылы қолданысқа берілді. Электр қуатын жеткізу жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылды. Атап айтқанда, 2020-2021 жылдары «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 778,1 миллион теңге қаражатқа ұзындығы 52 шақырымды құрайтын жоғары кернеулі электр желісі тартылды. Қосымша электр желілері де жүргізіліп, кешенге сағатына 3500 кВт электр қуатын беру жоспары орындалды. Нысанға қатынайтын көлік құралдарының қозғалысын жеңілдету мақсатында ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын асфальт жолдың құрылысы да толық аяқталып, пайдалануға берілді», - дейді өндіріс кешенінің иесі.

Атап өту керек, 2024 жылдан бері елімізде ет өндірісіне негізделген мал шаруашылығына аустралиялық модельдің тәжірибесін енгізу жұмыстары атқарылып келе жатыр. Бұл өнімділікті көтеруге, өндіріске кететін шығындарды қысқартуға, бордақылау кешендері мен мал саудасы саласындағы қажетті инфрақұрылымды дамытуға септігін тигізуде. Осы әдістер мен тәжірибелер енгізілген жаңа кешен өңірдің өндірісін жандандырып қана қоймай, Қазақстандағы ет өндірісін ұлғайтуға ықпал етері анық. Сонымен бірге, ішкі нарыққа да сапасы жоғары өнімдер ұсынып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға негіз болады.
Жалпы, бұл кешен мал өсіру мен бордақылауды, жем-шөп әзірлеуді, озық технологиялар мен логистикалық инфрақұрылымды өзара байланыстыра отырып жүзеге асыратын ірі өндірістік жоба. Кешеннің іске қосылуы Арыс қаласының агроөнеркәсіптік саладағы инвестициялық мүмкіндіктерін арттырып, Түркістан облысының экономикалық тұрғыдан өркендеуіне де тың серпін сыйламақ.
Б.Мейірханұлы,


