Тарих – тек өткенді баяндау емес, ол халықтың болмысын, ұлттық санасын айқындайтын іргелі ғылым.
(Өмір Тұяқбай мақаласының ізімен)
ERNUR.KZ. Тарих – тек өткенді баяндау емес, ол халықтың болмысын, ұлттық санасын айқындайтын іргелі ғылым. Алайда соңғы жылдары тарихты, шынайы деректі бұрмалайтын тенденция пайда болды. Осы орайда кәсіби тарихшылар қоғамда тарихи мифтерге тосқауыл қоюдың жолын қарастыруға шақырады, деп жазады baq.kz.
"Алаш" қайраткері Міржақып Дулатұлының: "Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады", - дейтін сөзі бар. Иә, тарихымызды жоғалтпауымыз, оны зерттеп дәріптеуіміз керек.
Ұлы Далада қуатты империялар, мемлекеттер құрған халқымыздың арғы тарихын оқыту мүмкін болмады. Азаттық дәуірінде кешегі метрополия тарапынан қойылған кедергілер жойылып, тарихтағы ақтаңдақтарды қалпына келтіруге мүмкіндік туды. Кәсіби тарихшы ғалымдардан өзге бұл шаруаға жазушылар, журналистер, әуесқой зерттеушілер, т.б. белсене араласты.
Алайда бұл әрекет дұрыс болғанымен, уақыт алға озған келеңсіз жағдайлар да туындай түсті.
Шығыстанушы-тарихшы Өмір Тұяқбайдың «Жас Алашқа» шыққан «Қазақстанда тарихи бұрмалаулар мен мифтерге тосқауыл қоюдың жолдары» атты мақаласын оқыдық. Тарихшы қоғамда көптен талқыланып жүрген мәселені дұрыс көтерген. "Жалған тарихшылардың келеңсіз іс-әрекетіне кәсіби тарихшылар неге үн қатып, тойтарыс бермейді?" - деген сұрақ та жиі қойылады. Сондықтан мақалада көтерілген мәселені қолдай отырып, өз ой-пікірімізді білдіруді жөн көрдік.
Тарихты жазу бар да, оны түсіну бар. Екеуі тарих ғылымының екі сатысы. Бірі болмаса, екіншісі жоқ. Қазіргі күнгі қазақ тарихнамасындағы басты проблема – осы тарихты жазу мен оны түсінуді қатар алып жүре алмау. Тарих маңындағы даулардың көбейіп кетуіне де осы іргелі мәселе әсер етеді.
Қазіргі өзгерістердің толқынының нәтижесінде трайбалистік, квази-тарихи және этноцентристік сипаттағы көптеген шығармалар пайда болуда.
Бізде тарихи тұлғалардан көзсіз батыр жасау үдерісі бар. Бұл құбылыс әсіресе интернет дамып, әлеуметтік желілер пайда болғалы өршіп кетті. Керісінше кейбірін болмашы кемшілігі үшін жерге тығып, кісіліктен жұрдай етіп жатамыз. Мейлі хандық кезеңдерде болсын, Патша заманында да, бертінгі Совет үкіметі кезінде де түрлі қоғамдық факторлар, саяси жағдайлар болғаны белгілі. Сондықтан біз қай тұлғаға және қандай оқиғаға болмасын, объективті тұрғыда баға бергеніміз абзал. Дерексіз, дәйексіз дақпыртты тарихқа енгізу ғылымға жасалған үлкен қиянат дер едім. Контекст-жүйе, бір-бірімен байланысқан қоғамдық, саяси, экономикалық құрылым, оны ескермеу қателікке ұрындырады.
Интернет кеңістігіне үңіліп қарасаңыз, мұндай мысалдар жетіп артылады. Псевдо-тарихшылардан құтыла алмай жатқанда енді блогерлер тарих жаза бастады. Аңызды көзбен көргендей етіп айту, біреуді әсіре ұлықтау немесе сатқын етіп көрсету белең алды. Біз бұл үдерісті дәл қазір тыйып тастауымыз қажет. Ертең тағы кеш болады.
Бұл тұрғыда мен Өмірдің көтерген бастамаларын толықтай қолдаймын. Және елдегі өзге де тарихшы-әріптестерімді осы мәселеде ауызбіршілік танытуға шақырамын. Сондықтан, автор көтерген ұсыныстары ғылым үшін де, қоғам үшін де өте маңызды:
- бұдан былай жалпы гуманитарлық ғылымдар аумағын жайлаған, академиялық білімі жоқ псевдо-ғалымдардың, әуесқой тарихшылардың жазбаларына заңмен шектеу қою қажет. Бұл мәселе Парламент қабырғасында көтеріліп, қабылданған шешім құзырлы министрліктің бақылауына берілуі керек деп білеміз.
- псевдо-тарихшылар мен әуесқойлардың бұған дейінгі «жасаған» еңбектерін, жалпы тарихи кітаптарды тексеретін, кәсіби мамандардан құралған арнайы сараптама кеңесі құрылуы тиіс. Әрбір еңбек осы кеңестің қатаң тексеруінен өткеннен кейін ғана баспаға жіберілгені дұрыс.
- аталған мақсатты жүзеге асыру үшін кәсіби тарихшы ғалымдар күш біріктіруі және тиісті органдар, мекемелер тарапынан нақты шешім қабылдатуға күш салуымыз қажет деп білемін.
Жалпы, бұл мәселе бойынша ойымды алдағы уақытта әлі тарқатып жазармын...
Жамбыл Артықбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор