Польшада тыңшылықпен ұсталған қазақстандық шенеунік босатылды

0
144

Тұтқын алмасу 28 сәуірде Польша – Беларусь шекарасында «беске бес» форматында өтті.


Польшада тыңшылықпен ұсталған қазақстандық шенеунік босатылды

Фото: КМБПЧ

ERNUR.KZ. Польша Ресей пайдасына тыңшылық жасады деп айыптаған Қазақстанның әскери қызметкері Әнуар Бақыбай Польша мен Беларусь арасындағы тұтқын алмасу аясында босатылды, деп жазады Ulysmedia.kz.

Тұтқын алмасу 28 сәуірде Польша – Беларусь шекарасында «беске бес» форматында өтті. Келіссөздерге бірнеше ел қатысып, үдеріс бір жылға жуық уақытқа созылған. Беларусь тарапы босатқан азаматтардың қатарында журналист Анджей Почобут пен католик монахы Гжегож Гавель бар. Өз кезегінде Польша Молдовада опасыздық жасады деп сотталған Александр Баланды және ресейлік археолог Александр Бутягинді тапсырды.

Әнуар Бақыбай 2025 жылдың жазында Польшаның Быдгощ қаласында ұсталған. Польша барлау қызметінің мәліметінше, ол дипломатиялық бүркенішпен әрекет еткен кәсіби барлау офицері болған және Польша мен НАТО-ның әскери құрылымдарына қатысты құпия ақпарат жинаған.

Ресми дерекке сәйкес, Бақыбай Украинадағы Қазақстан елшілігінде әскери атташенің көмекшісі ретінде тіркелген. Ол Польша аумағында ұсталды, себебі оның дипломатиялық иммунитеті тек Украинада ғана жарамды болған. Киевке тікелей әуе қатынасы болмағандықтан, елшілік қызметкерлері Польша арқылы қатынаған.

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, ұсталған кезде оның жасы 30-35 шамасында болған. Екі баласы бар, олардың бірі Киевте дүниеге келген. Ол Ресейдегі әскери академияны тәмамдаған. Украинадағы Қазақстан елшілігінің әскери атташесі Бақытжан Кисентаев – оның ағасы.

Бұл оқиға халықаралық деңгейде резонанс тудырды. Қазақстандық азаматтық қоғам өкілдері Еуропалық Парламент пен Еуропа Кеңесіне үндеу жолдап, Бақыбай ісін Қазақстан барлау құрылымдарының Кремльге тәуелділігінің ықтимал көрінісі ретінде бағалады.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі Бақыбайдың Қарулы Күштерде қызмет еткенін растағанымен, өзге мәліметтерді жариялаған жоқ. Сыртқы істер министрлігі Варшавадағы елшіліктің Польша билігімен тұрақты байланыста болғанын мәлімдеді. Ал Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл іске қатысты ақпараттың жоқ екенін хабарлады.