Олар еңбекақыны көтеруді және бұрынғы басшыны қызметінде қалдыруды талап етті.
"Жол тазалығын сақтау" учаскесінің меңгерушісі А.Арыстанованың жұмыс барысында заң бұзушылық әрекет жасағаны анықталып, мекеме басшылығы тиісті шара қабылдау үшін құқық қорғау органдарына тексеру жұмыстарын жүргізуге өтініш берген", - дейді Тараз әкімдігі.
Алайда аталған учаске қызметкерлерінің бір бөлігі тексеру жұмыстары аяқталмағанына қарамастан басшылықтың бұл шешіміне қарсылық білдіріп, Арыстанованы жұмыста қалдыруды талап еткен.
Қала әкімінің орынбасары мен "Жасыл Ел-Тараз" мекемесінің басшысы қызметкерлермен жолығып, кез келген іс-шара тек заң аясында жүргізілетіндігін және нәтижесіне қарай шешім қабылданатынын түсіндірген.
Әкімдіктің "Жасыл Ел-Тараз" ЖШС-не қатысты ресми мәлімдемесіне сенсек, бұл мекеменің мәселесі бұған дейін сотта да қаралған.
"2022 жылғы 19 тамыздағы Жамбыл облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешіміне сәйкес "Жасыл Ел-Тараз" жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты оңалту рәсімі енгізілген болатын. Сол уақытта кәсіпорын қызметінде бірқатар заң талабы бұзылған", - дейді ведомство.
Маусымдық кезеңдерде ағаштар уақтылы кесілмеген, қар тазаланбаған, құлаған ағаштар шығарылмаған. Қысқасы коммуналдық қызметтер кешігіп көрсетілген.
"Балалар ойын алаңдары, аялдамалар, саябақтар мен скверлерге дұрыс күтім жасалмаған, субұрқақтарды жүйелі тазалау жұмыстары жүргізілмеген. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында орналасқан қоқыс жәшіктері дер кезінде тазаланбаған, бұл мәселе қала тұрғындары тарапынан көптеген шағымға себеп болды", - дейді әкімдік.
Осыған орай жауапты мекеме басшысын қызметінен босату туралы ұйғарым шығарылған. Алайда жұмысшылар жаңа басшыны жақтырмай, бұрынғы басшының сойылын соққан.
11 тамыздағы "Тараз қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі" КММ-нің бұйрығына сәйкес, "Жасыл Ел-Тараз" ЖШС-і директоры лауазымына Ғалымжан Қайназаров тағайындалған. Жаңа басшы жұмысқа кіріскенде бірқатар балықтың беті ашылыпты.
"Қызметкерлер арасында сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мүдделер қақтығысы бойынша бағалау жүргізілді. Ішкі талдау барысында да бірқатар заң бұзушылық анықталып, қазіргі таңда құқық қорғау органдарына жолданды", - дейді Тараз қалалық әкімдігі.
2025 жылы жасалған қосалқы мердігерлік шарттарда құрылыс-монтаж жұмыстарының бірқатар бабы бойынша сметалық құны негізсіз ұлғайтылған. Осыған байланысты төлемдер уақытша тоқтатылып, өндірістік-техникалық бөліммен бірлесіп ішкі тексеріс жүргізілуде.