Таразда анасының көзі тірісінде күтім жасамаған қызы оның қазасынан кейін марқұмның үйіне таласқан

0
99

Сот оны мұрагер деп танудан бас тартқан.


Таразда анасының көзі тірісінде күтім жасамаған қызы оның қазасынан кейін марқұмның үйіне таласқан

Фото: жасанды интеллект

ERNUR.KZ. Тараз қалалық соты анасы қайтыс болғаннан кейін оның үйін мұрагерлікке алғысы келген қызының арызына қатысты іс қаралды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Істің мән-жайына үңілсек, үй иесі, яғни, әйел адам 2024 жылы маусымда қайтыс болған. Науқастанған оны өмірінің соңғы айларында немере ағасы бағып, күткен. Әйел адам қайтыс болғаннан кейін оның қызы нотариусқа келіп, мұрагерлікті қабылдап алуы керек болатын. Алайда, қыз осы аралықта нотариусқа бармаған. Сондықтан, 2025 жылдың қаңтарында нотариус немере ағасын мұрагер ретінде танып, оған үйге мұрагерлік құқығын берген.

Алайда, арада уақыт өте келе, марқұмның қызы сотқа арызданып, немере ағасын емес, өзін мұрагер ретінде танып, анасының үйін сұраған. Сотта немере ағасы арыз жазып отырған қыз анасы ауырып жатқанда оған күтім жасамағанын, өмірінің соңғы сәттерінде жанында болмағанын айтқан.

Сот тараптарды тыңдай келе, арыз жазған қыз ауырып жатқан анасына күтім жасай алатын еді деген шешімге келген. Яғни, соттың пайымынша, анасын бағып-күту үшін қызға ешкім кедергі жасамаған. Бірақ, ол анасына қамқор бола алмаған.

Осыны және мұрагерлікті қабылдап алатын алты ай мерзімін өзі өткізіп алғанын ескерген сот үйді марқұмның туысқан ағасына берген.