Талдықорғанда әйелі мен үш жасар қызын ұрып-соққан ер адам сотталды

0
271

Биыл ақпан айында Жетісу облысында кішкентай қыздың соққыға жығылуына қатысты дерек тіркелген еді.


Талдықорғанда әйелі мен үш жасар қызын ұрып-соққан ер адам сотталды

Фото: Видеодан скрин
ERNUR.KZ. Бұл оқиға бүкіл елде қоғамдық резонанс тудырды. Кейін үш жасар бүлдіршіннің өз әкесінің қолынан зардап шеккені белгілі болды. Сонымен қатар қыздың бұған дейін шетелде бауыр трансплантациясы бойынша күрделі отадан өткені анықталды, деп жазады Stan.kz.

Әлеуметтік желілде баланың фото-видеосы, анасының оқиға туралы айтқан мәлімдемелері жарияланды. Осыдан кейін полицейлер жедел әрекет етіп, күдіктіні ұстады. Ол Талдықорған қаласының тұрғыны болып шықты.

Сол кезде Жетісу облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Чарапиев ер адамның ұсталғанын хабарлады. Оған қоса күдіктінің қыздың туған әкесі екенін мәлімдеді.

“Кешкі сағат 21:00 шамасында полицияға ауруханадан үш жасар баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілері бар жарақаттар анықталғаны туралы хабар түсті. Оқиға орнына дереу жеткен полиция қызметкерлері баланың әкесін үйінен тапты. Мас күйде болған ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деген еді Руслан Чарапиев.

Қылмыстық іс бастапқыда Қылмыстық кодекстің 106-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша тергеліп, ерекше бақылауда болды. Кейін іс Қылмыстық кодекстің 110-бабына (Қинау) қайта сараланып, азаптау және ұрып-соғу фактілері бойынша қаралғаны белгілі болды.

Резонанс тудырған іс бойынша Талдықорған қалалық соты үкім шығарды.

“Тергеу нәтижелері бойынша қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды”, – делінген хабарламада.