Судың көлеңкелі айналымына қарсы күрес күшейтілді

0
108

Су ресурстары министрлігі Бас прокуратурамен бірлесіп қабылдаған «қара су нарығына» қарсы іс-қимыл жөніндегі Жол картасы аясында нақты нәтижелерге қол жеткізілді.


Судың көлеңкелі айналымына қарсы күрес күшейтілді

ERNUR.KZ. Атап айтқанда, алғаш рет «Қазсушар» РМК мен тұтынушылар арасындағы шарттық қатынастар цифрландырылды, қолма-қол есеп айырысу алынып тасталды, жасанды интеллект құралдарын пайдалана отырып суармалы жерлерге ғарыштық мониторинг енгізілді, сондай-ақ жылдар бойы суды рұқсатсыз алып келген су пайдаланушылар көлеңкелі айналымнан шығарылды. ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ баспасөз конференциясында осылай деді.

Оның хабарлауынша, «Тұран Су», «Алматыоблсушар» және басқа да қалған субъектілердің суару жүйелері мен шарттық қатынастарын цифрландыру жоспарланып отыр.

«Биыл бассейндік су инспекциялары заңсыз су пайдалану фактілері бойынша 17 мың гектардан астам жерді суарған 251 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сонымен қатар «Қазсушар» суару жүйелерінде шартсыз 5,5 мың га жерді суарудың 929 фактісі анықталды. Осылайша, судың көлеңкелі айналымына қарсы күрес жүйелі сипат алып, тұрақты негізде жалғастырылатын болады», – деді Министрлік өкілі.

Алдын ала қабылданған ұйымдастырушылық шаралардың, трансшекаралық су объектілері бойынша уақтылы халықаралық өзара іс-қимылдың, су беру режимдерін жедел реттеудің және су пайдалануға бақылауды күшейтудің арқасында вегетациялық кезең тұрақты өтті.