Жобаның жалпы құны — шамамен 5 млрд теңге.
Фото: АШМ
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстанда жоңышқадан түйіршіктелген жем өндіретін зауыт салынып жатыр. Бұл туралы АШМ баспасөз қызметі мәлім етті, деп жазады kaz.inform.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған жоңышқадан жем өндіретін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Жоба «Salar Farm» ЖШС тарапынан «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Кәсіпорынды 2026 жылдың көктемінде іске қосу жоспарланған. Зауытта жоңышқаны өңдеудің толық технологиялық тізбегі енгізіледі: шөпті жасанды кептіру, престеу және түйіршіктеу.
“ Жоңышқаның басты артықшылығы — құрамындағы ақуыз бен протеиннің жоғары болуы. Бұл — премиум санаттағы жем, біз оны Қытай мен БАӘ-ге экспорттауды жоспарлап отырмыз. Жоңышқаны өзіміздің суармалы алқаптарымызда өсіреміз “, — деп атап өтті компания директоры Арман Уатаев.
Кәсіпорынның жобалық қуаттылығы жылына 60 мың тонна дайын өнімді құрайды. Барлық процесс барынша автоматтандырылады.
Жобаның жалпы құны — шамамен 5 млрд теңге.