Солтүстік Қазақстан облысында мүгедектігі бар жұмысшылардан жеке табыс салығы ұсталып келген.
Фото: freepik
ERNUR.KZ. СҚО прокуратурасының мәліметінше, салық заңнамасын өрескел бұзу фактілерін қадағалау органы талдау барысында анықтады, деп жазады kaz.inform.kz.
Мәселен, 2023-2024 жылдары Ақжар, Есіл, Ғ.Мүсірепов, Мамлют, Шал ақын, Тайынша аудандарының жұмыс берушілері Салық кодексінің талаптарына қайшы, мүгедектігі бар 366 жұмысшыдан жалпы сомасы 16,9 млн теңге жеке табыс салығын ұстап қалған. Бұл азаматтар заңға сәйкес салықтың бұл түрін төлеуден босатылған.
Есіл ауданында білім бөлімінің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 1,7 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі балалардың 24 заңды өкілінен жеке табыс салығын негізсіз ұстаған.
Прокурорлық қадағалау актілерімен мемлекеттік кіріс органдары 6,2 млн теңгені қайтарды. Қазір кінәлілерді заң бойынша жауапкершілікке тарту шаралары қабылданып жатыр. Нәтижесінде қалған сома да қайтарылатын болады.