“Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі“. Бектенов әкімге ескерту жасады

0
90

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде барлығы 62,9 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған.


“Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі“. Бектенов әкімге ескерту жасады

Бейнеден кадрлар

ERNUR.KZ. Бүгін үкіметте энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту мәселесі талқыланды. Жөндеу жұмыстарына өтінімдердің аздығынан Алматы облысы "қызыл" аймаққа енді. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады, деп жазады tengrinews.kz.

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, өңірде барлығы 62,9 миллиард теңгеге 10 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 4 миллиард теңге болатын төрт жобаны әкімдік қаржыландырады, қалғандары "АЖК" АҚ құзыретінде. Конкурстық рәсімдер 17 шілдеде басталды.

Әкімнің сөзінше, құны 2 миллиард теңге болатын жылумен жабдықтау бойынша екі жоба іске асырылып жатыр: мердігерлермен келісімшарттар жасалды, жылу желілерін реконструкциялауды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сумен жабдықтау және су бұру бойынша жалпы құны 2 миллиард теңге болатын тағы екі жоба прокуратураның ұсынысымен конкурс нәтижелерінің күші жойылғаннан кейін қайта жарияланды. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қайталанған конкурстың қорытындысы 25 тамызға дейін күтіледі, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі бұл екі жобаны қаржыландырылуы тоқтатылатын басымдығы төмен жобалар тізіміне енгізгенін айтып, премьер-министрден оларды бұл тізімнен шығаруды сұрады.

Бұған премьер-министр Олжас Бектенов әкімнің баяндамасынан оның мұндай көрсеткіштер үшін ешқандай жауапкершілік арқаламайтыны байқалатынын атап өтті.



"Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі. Жұмысты тездетіңіздер", - деді Бектенов.

Бүгін Ұлттық экономика министрлігі әкімдіктердің 2026 жылға арналған өтінімдер бойынша Ұлттық жобаны іске асыруға қатысу рейтингін ұсынды. Өтінімдер саны бойынша Шымкент қаласы, Ұлытау және Алматы облыстары "қызыл" аймақта тұр.