Кеше 7 қыз жабылып ұрғаннан кейін 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тараған болатын.
фото: Polisia.kz
ERNUR.KZ. Таразда 9-сынып оқушысының соққыға жығылуына қатысты ақпараттың шындыққа жанаспайтын тұстары бар, деп жазады sputnik.kz.
Кеше 7 қыз жабылып ұрғаннан кейін 9-сынып оқушысы жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат тараған болатын. Оқушының анасы баласын кастетпен ұрғанын айтты. Алайда полиция әлеуметтік желіде тараған бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
"Тергеу барысында кәмелетке толмағандардың кастет суық қаруын қолданғаны туралы ақпарат расталған жоқ. Қазіргі уақытта жәбірленуші үйінде амбулаториялық ем қабылдап жатыр", - деп жазылған полиция департаментінің хабарламасында.
Ал қалалық әкімдік жасөспірімнің жансақтау бөліміне түскенін жоққа шығарды.
"Жасөспірімнің жансақтау бөліміне түскені туралы ақпарат жалған. Оқиға 6 наурыз сағат 16:00 шамасында болған. Қыздар өзара мәмілеге келу үшін кездескен. Сөзге келіспей жанжалдасқан. Сол кезде оқушы балалар ауруханасына түскен. 11 наурызда оқушы үйіне шығарылды", - дейді әкімдік қызметкерлері.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Кінәлі жасөспірімдер ата-анасымен бірге полицияға жеткізілген.


