Шығармалардың теле және радиоэфирде орындалғаны үшін авторларға автоматты түрде сыйақы есептеледі

0
75

Қазақстанда авторлық құқықтарды ұжымдық басқару саласы цифрландырылады.


Шығармалардың теле және радиоэфирде орындалғаны үшін авторларға автоматты түрде сыйақы есептеледі

ERNUR.KZ. Авторлық қоғамдардың жұмысының ашықтығын, сондай-ақ жиналған сыйақыны әділ бөлу мен төлеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық платформа құру жоспарланып отыр. Сол арқылы авторлық авторлық сыйақының жолы – туындыны пайдаланудан бастап авторға төлем жасалғанға дейінгі бүкіл процесс – толықтай бақыланады және түсінікті болады. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова хабарлады.

Спикер платформаның енгізілуі авторлық қоғамдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ететінін, барлық тараптың ақпаратқа қолжетімділігін арттыратынын және құқықтарды ұжымдық басқару жүйесіне деген сенімді күшейтетінін атап өтті. Автор өзінің жеке кабинетінде шығармаларының қайда және қалай пайдаланылғанын көріп отырады, ал пайдаланушылар есептің дұрыс жүргізілуін растай алады.

«Платформа шарттар жасасудан бастап авторларға сыйақы төлеуге дейінгі барлық процесті қамтиды. Сонымен қатар цифрлық платформаны құру орындалатын туындыларды есепке алу мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Қазір телевидение мен радио арналарын автоматты түрде тану және шығармаларды есепке алу жүйесіне қосу жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, музыкалық шығарма телеарна немесе радиода орындалса, бұл ақпарат цифрлық жүйеде тіркеледі, ал авторға сыйақы белгіленген ережелерге сәйкес автоматты түрде есептеледі. Мұндай технологиялар қолмен есеп жүргізуден бас тартып, нақты цифрлық деректерге көшуге жағдай жасайды: қандай шығарма, қанша рет және қай кезеңде орындалғаны анық көрініп тұрады. Бұл сыйақыны бөлудегі әділдік пен дәлдікті айтарлықтай арттырады», – деп түсіндірді спикер.

Бірыңғай цифрлық платформа үш кезеңмен енгізіледі. Бірінші кезеңде, келесі жылдың қаңтарынан бастап, платформа арқылы эфирлік және кабельдік хабар тарату ұйымдары жұмыс істейді, екінші кезеңде – 2026 жылғы 1 шілдеден бастап – театрлар, кинотеатрлар мен филармониялар қосылады, ал үшінші кезеңде – 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өзге де барлық пайдаланушылар жүйеге қосылады.