Шерзат Полаттың ісі: терезеден видеоға түсірген жасөспірімнің жауабы тыңдалды

0
117

Біреу мылтықтың дүмбісімен бірнеше рет ұл баланың басынан ұрды. Әйел оған тиіспеуін өтінсе де, тоқтамады, дейді куәгер.


Шерзат Полаттың ісі: терезеден видеоға түсірген жасөспірімнің жауабы тыңдалды

фото: Sputnik/Айдана Дайырова

ERNUR.KZ. Бүгін Шерзат Полаттың өлімі бойынша кезекті сот отырысында сол күнгі оқиғаны терезеден видеоға түсірген жасөспірімнің жауабы тыңдалды. Ал сотталушылардың адвокаттары оны сотқа шақыруды сұрады, деп жазады sputnik.kz.
Мектеп оқушысы бәрін төртінші қабаттан түсірген. Бүгінде ол видео негізгі айғақтардың бірі болып саналады. Тергеушілер оны дискіге көшіріп алды. Сондай-ақ жасөспірімнің өзінен жауап алынды. Бүгін прокурорлар тергеушілердің хаттамасын жариялады. Онда мектеп оқушысы терезеден нені көргенін баяндап берген.
"4 қазан күні түнде сағат 00:40 шамасында Талғар қаласы Менделеев көшесіндегі үйде болғанымда Руставели көшесі жағынан шу шықты. Мен үйде жалғыз болдым. Ата-анам дәріханаға кеткен. Шу естіген соң мен жатын бөлмеге кіріп, Руставели көшесіне шығатын терезені аштым. Алдымен әйелдер мен ер адамдардың дауысы естілді. Осы уақытта мен 15-16 жастағы қызыл түсті "толстовка" киген маған таныс емес баланың бірнеше қадам артқа шегініп, жерге құлап түскенін көрдім", - деген 9-сынып оқушысы тергеушілерге берген жауабында.
Сол кезде жасөспірім бірден Айфонын алып, видеоға түсіре бастайды.
"Ұл бала құлаған кезде оның қасына ашық түсті шалбар киген қысқа сақалды ер адам жүгіріп келді. Ол баланың басын көтеріп, қазақ тілінде "Жедел жәрдем шақырыңдар!" деп айқайлады. Содан кейін Менделеев көшесінен бірнеше ер адам мен бір әйел адам жүгіріп келді. Әйел дереу жерде жатқан баланы қолдарымен және денесімен жабуға тырысып, "Тоқтаңдар! Менің балам!" деп айқайлады. Бірақ сол ер адамдар тоқтамады. Олар агрессивті түрде әрекет етіп, ұл баланы және ашық түсті шалбар киген ер адамды ұрып, тебе бастады", - деп атап өтті Мамедова.
Оның айтуынша, барлығы қара киімде болды. Ал бет-әлбетін айыру қиынға соққан.
"Біреу мылтықтың дүмбісімен бірнеше рет ұл баланың басынан ұрды. Әйел оған тиіспеуін өтінсе де, тоқтамады. Әйел баланы қолдарымен қорғауға тырысты. Кейін ол мылтықтың дүмбісімен жерде жатқан ер адамды бірнеше рет ұрды. Қалғандары жерде жатқан ұл мен ер адамды соққыға жықты. Бірі аяғымен, бірі қолымен ұрды. Бір арық келген, басында кепкасы және "барсетка" сөмкесі бар ер адам ұл баланың бетінен екі рет теуіп, қолындағы затпен бірнеше рет ұрды. Ал қалғандары жерде жатқан ер адамды жақын жерге сүйреп, ұра берді. Олар кенеттен тоқтап, Менделеев көшесіне қарай қашып кетті. Мен ары қарай түсірмедім. Өзім қатты қорқып кеттім де, дереу ата-анама қоңырау шалдым", - делінген жасөспірімнің жауап алу хаттамасында.
Мектеп оқушысы төбелеске қатысқандарды бетпе-бет көрсе, тани алмайтынын да айтқан.
Бүгін сотталушылардың адвокаттары жасөспірімді отырысқа шақырып, сол жерде қосымша жауап алуды сұрады. Себебі "Мамедова түсірген видео негізгі дәлел" болып саналады. Ал прокурор мектеп оқушысын сотқа шақырудың қажеттілігі жоқ деді. Өйткені тергеушіге берген жауабында бәрін айтып берді. Жәбірленушілердің адвокаттары да прокурорды қолдады. Осыдан кейін судья өз шешімін жариялады.
"Сот тараптардың пікірін тыңдап, бұл өтініш хатты қанағаттандырудан бас тартуға қаулы шығарды. Себебі, біріншіден, Мамедова кәмелет жасқа толмаған. Екіншіден, сот оның сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде берген айғақтарына ешқандай күмән келтірмейді", - деді Ержан Жанұзақов.