Бүгін 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті ашық сот отырысы жалғасып жатыр.
Фото: Dalanews
ERNUR.KZ. Тыңдалым Шерзаттың немере ағасы, марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев пен күдікті Нұрқияс Ілиясовты беттестіру бейнежазбасын зерделеуден басталды, деп жазады inbusiness.kz.
Бейнежазбада айыпталушы оқиға болған күні мылтықты Нұрқанаттан тартып алғанын, өзінде пышақ болмағанын айтқан. Ал Ғайыпбаев мылтық атқанын жоққа шығарған
– Жігітше мойындасаңшы, мылтықты сен аттың ғой, – дейді онда Ілиясов.
– Мен атқан жоқпын, – деп жауап берген беттестіруде Ғайыпбаев.
Сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың видеода марқұмды мылтықпен ұрғанын мойындағаны, оқиға орнынан қаруды алып кеткені жайлы айтқаны бар.
Еске салайық, Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишимбиева беттестіру кезінде сотталушылардың бірі Шынасыл Абзалдың өзіне "аузыңды жап, сені де өлтіреміз" дегенін айтқан. Сондай-ақ, ол оқиға кезінде барлық қатысушының қолында пышақ болғанын мәлімдеген.
Десе де, сотталушы Нұрқияс Ілиясов бұл айыптаумен келіспейтінін айтып, оқиға орнында марқұмның анасын көрмегенін жеткізді. Сондықтан, беттестіруден бас тартқан.
Бұған дейін күдікті Абзал Шынасыл алдыңғы жауаптарынан айнып, "Шерзатты емес, Нұрқанатты пышақтадым" деп мәлімдеген болатын.