Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың 40%-ы жер асты суларымен қамтамасыз етіледі

0
126

Қазақстанда ауыз су және техникалық сумен жабдықтау, суару және басқа да мақсаттар үшін пайдаланылатын 4803 жерасты су кен орны барланды.


Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың 40%-ы жер асты суларымен қамтамасыз етіледі

ERNUR.KZ. Мемлекеттік баланста тәулігіне 43,2 млн текше метр пайдалану қорлары есептеледі, оның ішінде тәулігіне 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылады. Мақсаты бойынша шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін тәулігіне 21,2 млн текше метр, өндірістік-техникалық сумен жабдықтау үшін тәулігіне 2,4 млн текше метр, жерді суару үшін тәулігіне 19,6 млн текше метр барланды. Барлық қор толығымен пайдалануға дайын және табиғи жолмен толтырылады. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы ОКҚ брифингінде айтты.

Оның мәлімдеуінше, қазір тұщы жер асты суларының шамамен 68%-ы Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының оңтүстік өңірлерінде шоғырланған. Ақтөбе облысы қорлармен толық қамтамасыз етілген, ал, Атырау, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстары тапшылыққа жатады.

«Жалпы ел бойынша шаруашылық-ауыз сумен жабдықтаудың 40%-ы жер асты суларымен қамтамасыз етіледі. Өндірістік-техникалық сулар қоры тәулігіне 2,4 млн м3 құрайды, оның тек 30-35%-ы ғана пайдаланылады. Негізгі аймақтар: Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары», – деді спикер.

Жер асты суларының жалпы пайдалану қорларынан (тәулігіне 43,2 млн м3), суару мақсатында тәулігіне 19,6 млн м3 барланды, бұл жылына 7,7 млрд м3 құрайды. Сонымен қатар жер асты суларын суару үшін нақты пайдалану тек 0,7% құрайды, бұл пайдаланылмаған үлкен әлеуетті көрсетеді.

Елде 4000-ға жуық бақылау ұңғымаларының жер асты суларын бақылаудың мемлекеттік желісі жұмыс істейді. Олар судың деңгейін, температурасын және сапасын бақылауға мүмкіндік береді. Ұңғымалардың бір бөлігі қалпына келтіруді қажет етеді, осыған байланысты желіні жаңарту және Ұлттық гидрогеологиялық қызмет күштерімен бақылауды күшейту жоспарлануда.

Гидрогеологиялық саланы цифрландыру үшін Қазақстан Республикасының Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесіне мониторингтік және пайдалану ұңғымаларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар жер асты сулары мониторингінің заманауи жүйесін енгізу сулы горизонттардың деңгейін, сапасы мен пайдалану режимін ұдайы бақылауды қамтамасыз етеді, теріс өзгерістерді уақытылы анықтауға және олардың алдын алу жөнінде шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Цифрлық басқару жүйесін және бірыңғай ақпараттық дерекқорды құру суды пайдалануды жоспарлаудың ашықтығын, сенімділігін және тиімділігін арттырады.