Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу мәселесін қарауды кейінге қалдырды

0
77

Сенаттың баспасөз қызметі мәселенің "кейінірек қаралатынын" мәлімдеді.


Сенат ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу мәселесін қарауды кейінге қалдырды

Фото:depositphotos.com

ERNUR.KZ. 4 желтоқсанда Сенат отырысында ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу жөніндегі заң жобасы қаралады деп жоспарланған еді. Алайда бұл мәселе күн тәртібінен алып тасталды, деп жазады tengrinews.kz.

3 желтоқсанда Сенаттың ресми Telegram-арнасында апталық отырыстың анонсы жарияланып, күн тәртібіне үш мәселе енгізілген болатын:

  • Жер қойнауын пайдалану туралы кодекс – геологиялық зерттеу, барлау-өндіру келісімшарттары, уран және көмірсутек саласын жетілдіру.
  • Әкімшілік әділет және заң шығару мәселелері – ӘРПК нормаларын жаңарту, адвокаттар, нотариустар мен сот орындаушылары қызметін реттеу.
  • Архив және құқыққа қайшы контент – дербес деректерді сақтау тетіктерін күшейту, цифрлық мұрағатқа құжат тапсыру тәртібін нақтылау (ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу).

Алайда кейін жарияланған жаңартылған анонста үшінші мәселе - ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу күн тәртібінен алып тасталған.

Неге кейінге қалды?

Сенаттың баспасөз қызметі мәселенің "кейінірек қаралатынын" мәлімдеді. Себебі ретінде жекелеген нормаларды қосымша пысықтау қажеттілігі аталды.

"Заң жобасы Қазақстанның Еңбек кодексіне және тағы 12 заңға өзгерістер енгізеді. Бұл ауқымды жұмыс, сондықтан қосымша уақыт қажет", — делінген ресми түсініктемеде.

Сонымен қатар, заң балалардың құқықтарын қорғау мәселесін қамтитыны, ал бұл салада аса мұқият және салмақты қарау қажет екені атап өтілді.