Салықты кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады

0
124

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі ішінде салық төлеушіге өсімпұл есептеледі.


Салықты кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады

фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Салық төлеу мерзімін кейінге қалдыруға немесе бөліп төлеуге болады, деп жазады sputnik.kz.
Салық кодексінің 49 және 51-баптары сақталған жағдайда қаржылық қиындықтарға тап болған салық төлеуші салық төлеу мерзімін өзгерту туралы өтініш білдіруге құқылы.

Қандай сома кейінге қалдырылуы немесе бөліп төленуі мүмкін?

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу келесі салық және (немесе) төлем сомасына қолданылады:
⁠салық төлеуші салық есептілігінде дербес есептеген сомаларға;
салық органдары салықтық тексеру нәтижелері бойынша есептеген сомаларға;
⁠уәкілетті мемлекеттік органдардың мәліметтері негізінде есептелген сомаларға.

Қандай салықтарға бұл тәртіп қолданылмайды?

Салық төлеу мерзімін өзгерту мынадай салықтар мен төлемдерге қолданылмайды:
төлем көзінен ұсталатын салықтар;
⁠акциздер;
ЕАЭО мүше мемлекеттерінен импортталатын тауарларға ҚҚС;
Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына түсетін салықтар мен төлемдер;
⁠айыппұлдар.

Қандай мерзімге беріледі?

Кейінге қалдыру – салықтар және (немесе) төлемдердің толық сомасын біржолғы төлеу шарттарымен 6 айға дейінгі мерзімге беріледі.
Бөліп төлеу – 3 жылға дейінгі мерзімге, ай сайын немесе тоқсан сайын тең үлестермен төлеу шарттарымен беріледі. Егер бөліп төлеу мерзімі 1 жылдан асатын болса, ол жылжымайтын мүлік кепілдігімен ғана беріледі.

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу үшін не қажет?

Салық төлеуші белгіленген нысан бойынша өтінішті тіркелген жері бойынша Мемлекеттік кірістер органына www.eotinish.kz сайты арқылы e-Otinish сервисі арқылы ұсынуы қажет. Өтініштер салық органына келіп түскен күннен бастап 20 жұмыс күні ішінде қаралады.

Өтінішке қоса беріледі:

⁠кепілге берілетін мүлікке қатысты құжаттар (бағалау есебін қоса алғанда);
⁠осы мүлікке өзге ауыртпалықтардың (кепілдердің) жоқтығы туралы мәліметтер;
берешекті өтеу кестесі;
⁠болған жағдайда – банктік кепілдік.

Өсімпұл төлеу тәртібі

Кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу мерзімі ішінде салық төлеушіге өсімпұл есептеледі. Форс-мажор, оңалту рәсімі қолданылғанда өсімпұл есептелмейді.