Жуырда Шәріп Серік зорлық-зомбылық әрекет жасады деген ақпарат шықты.
Шәріп Серік. Фото instagram.com/shakentii
ERNUR.KZ. Желіде актер Шәріп Серік Salem Entertainment медиа-компаниясымен қайта әріптестікке оралғаны жөнінде ақпарат пайда болды, деп жазады tengrinews.kz.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бір бөлігі Шәріп компания жобаларында қайта бой көрсете бастағанын болжаған.
"Бізде cancel culture ұзаққа созылмайды. Әне, Шако Salem Social-ға қайта келді", – деп жазды қолданушылардың бірі.
Скриншот:
Осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында Tengri Life Salem Entertainment компаниясына ресми сауал жолдады. Компанияның бренд-менеджері Карим Қадырбаев бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Шәріп Серікпен жасалған келісімшарт бұзылған. Қазіргі уақытта жаңа жобалар бойынша бірлескен жұмыс жоспарда жоқ", – деп мәлімдеді ол.
Еске салайық, жуырда Шәріп Серік зорлық-зомбылық әрекет жасады деген ақпарат шықты. Актердің бұрынғы сүйіктісі Әлия Бутеева Instagram-парақшасында видео мен фотоматериал жариялады. Онда Шәріп Серіктің қызды жалаңаяқ қуып жетіп, қолынан жұлқып лифтіден шығарып жатқаны бейнеленген. Қыздың бетінде қызарған іздер байқалған.
Алматы полициясы бұл оқиғаға байланысты тексеру жүргізілетінін хабарлады. Осы жанжалдан кейін Salem Entertainment компаниясы актермен барлық келісімшартты бұзғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, Шәріп Серік түскен фильм премьерасы да тоқтатылды.
4 сәуірде Алматы соты оны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алды.