Қытайда 200-ден астам бала уланған: Балабақша басшысы өмір бойына сотталды

0
64

Оқиға Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй қаласында орналасқан Heshi Peixin балабақшасында болған.


Қытайда 200-ден астам бала уланған: Балабақша басшысы өмір бойына сотталды

Фото: Magnific.com

ERNUR.KZ. Қытайда балаларға құрамында қорғасын бар тағам берген балабақша иесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Онымен бірге мекеменің тағы бес қызметкері сотталды, деп жазады stan.kz.

Оқиға Қытайдың Ганьсу провинциясындағы Тяньшуй қаласында орналасқан Heshi Peixin балабақшасында болған. Тергеу мәліметінше, мекеме қызметкерлері тағамдарды балаларға тартымды етіп көрсету үшін асқа жеуге жарамсыз бояу қосқан.

Салдарынан 2025 жылғы шілдеде балабақшадағы 247 бала мен қызметкердің қанынан қорғасын мөлшерінің шамадан тыс жоғары екені анықталған. Ал 235 бала қорғасыннан улану диагнозымен ем қабылдауға мәжбүр болған.

Тексеру барысында балаларға берілген құрма қосылған бәліштер мен жүгері тоқаштарының құрамынан қорғасын табылған. Кейбір тағамдардағы улы заттың мөлшері Қытайда белгіленген қауіпсіздік нормасынан 2 мың еседен астам жоғары болған.

Тергеу нәтижесінде балабақша иесі Ли Хуэйфан мен мекеме басшылығы асхана қызметкерлеріне тағамға улы бояу қосуды тапсырғаны анықталды.

Сот Ли Хуэйфанды өмір бойына бас бостандығынан айырып, 500 мың юань (33,8 миллион теңге) көлеміндегі жеке мүлкін тәркілеуге шешім шығарды. Балабақшаның атқарушы директоры 15 жылға, ал асханада жұмыс істеген төрт қызметкер 6 жылдан 8 жылға дейін сотталды.

Бұған қоса, тергеу кезінде жергілікті шенеуніктер мен медицина қызметкерлерінің оқиғаны жасыруға тырысқаны белгілі болды. Олар қан талдауының нәтижелерін бұрмалап, балабақша инвесторынан пара алған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, қорғасыннан улану әсіресе кішкентай балалар үшін қауіпті. Ол ми мен орталық жүйке жүйесіне ауыр зақым келтіруі мүмкін.

Осы оқиғадан кейін Қытайда білім беру мекемелеріндегі тамақ қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жаңа талаптар енгізілді.